ОРАЛ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл республикалық бюджеттен жалгерлік тұрғын үй құрылысына 586 млн. теңге бөлінді.
Облыстық құрылыс басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, биыл сондай-ақ «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» қатысушылары үшін несиелік үй құрылысына 2925 млн. теңге, тұрғын үй салынатын аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге 1675 млн. теңге жұмсалмақ.
Орал қаласында жалгерлік тұрғын үй құрылысы 2009 жылы басталды. «Жаңа Орда» шағынауданында 144 пәтерлік үш үй тұрғызылды. Таяуда салынып біткен тағы бір үйден 75 пәтер 13 санат бойынша кезекте тұрғандарға бөлінеді, олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, мүгедектер, оралмандар, толық емес отбасылар, апатты үйлердің тұрғындары және басқалар бар. Орал қаласында биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, он мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).