БҚО-да жол жөндеу кезінде анықталған кемшіліктер жойылмай отыр – маман пікірі

Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдарды жөндеу кезінде анықталған кемшіліктер жойылмай отыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалы сапа бөлімінің инженері Әлібек Өмірзақтың мәлім еткеніндей, биыл мекеме қызметкерлері жол-құрылыс материалдарынан 1 300 сынаманы тексеруге алды.

Соның ішінде 480-і немесе 37 пайызы қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сай келмеген. Асфальтбетон қоспасының 137 сынамасы алынса, соның 44-і немесе 32 пайызы талапқа сай емес.

Әлібек Бижанұлының сөзіне қарағанда, анықталған кемшіліктердің 40 пайызы (136 дерек) республикалық маңызы бар жолдардың үлесіне тиеді. Мердігер ұйымдар тексеру актілерін алғаннан кейін ақаулар мен бұзушылықтарды жою бағытында тиісінше жұмыстар жүргізді. Күні бүгін олар өз жолдары бойынша тек 26 бұзушылықты (19 пайызын) ретке келтірген жоқ.

Өкінішке қарай, облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар жолдарда жағдай нашар болып отыр. Мұнда 165 бұзушылық пен ақау анықталса, соның 159-ын немесе 96 пайызын мердігерлер осы уақытқа дейін түземей отыр. 

Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК

«Жергілікті автожолдарды жөндеу бойынша көптеген учаскеде асфальтбетон жамылғысының қалыңдығы тиісті деңгейге жетпейтіні анықталды. Биыл жергілікті жол бойынша 120 учаскеде құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының мамандары 90-ға дейін жол учаскесін сараптамамен қамтыды. Облыс орталығын алсақ, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі біздің мекемемен 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық (әр жылға 25 млн теңгеден) келісімшарт жасасты. Осы келісім негізінде Оралда салынып жатқан жолдардың сапасына сараптама жасалады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - дейді инженер.

Ә.Өмірзақтың пікірінше, жол құрылысы мен оның жөнделуіне техникалық қадағалаушы толық бақылау орнатуы тиіс. Жекелеген жолдарға тендер жарияланған кезде сол жұмыстардың орындалуын бақылайтын техникалық қадағалау жүргізуге де конкурс міндетті түрде өткізіледі.

«Биыл Батыс Қазақстан облысында техникалық қадағалау қызметіне 610 млн теңге бөлінді. Әр құрылыс нысанында 2-3 техникалық қадағалау инженері жұмыс істеуі тиіс. Олар құрылыс материалдарының сапасын, орындалатын жұмысты, геодезиялық өлшемді және басқаларын көзден таса қалдырмауы керек. Ал үлкен жобаларда норматив бойынша 5-7 техқадағалау инженері болуы қажет. Шын мәнісінде оларда 1-2 инженер жүреді. Сапа орталығының мамандары нысандарды тексеруге барған кезде көбінесе ол мамандар орнында болмай шығады», - дейді Ә.Өмірзақ.

Маманның пайымдауынша, жол құрылысы сапасына бірнеше фактор теріс әсер етеді.

Біріншіден, асфальтбетон сапасыз, астындағы топырағы бүлінген, учаске қажетті техникамен қамтамасыз етілмеген. Каток саны жетпегендіктен, салқындап қалған асфальт дұрыс тығыздалмайды. Салдарынан жамылғыда тесіктер қалып қояды, содан кірген ылғал қыс бойы жолды бұзады. Ақыры көктем туа жол шұрқ-тесік болып, ақау пайда болады. 

Фото: "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК

Жол құрылысы сапасының төмен болуына тағы бір себеп – мердігерлер тым көп жобаны қолға алады. Бір компания маусым кезінде көлеміне байланысты 2-3 жобамен шектелсе болады. Алайда компаниялар бір мезгілде 5-6 жобаны жүзеге асырмақ болып кіріседі. Соның кесірінен облыс жолдарында техниканы әуелі бір нысанға әкеледі. Содан кейін басқасына апарады. Бір жұмысты бітірместен, мердігер келесі нысанға көшеді.

«Сөзім нақтырақ болу үшін бір мысал келтірейін. 2023 жылғы тамыз айында орталық қызметкерлері Жаңақала ауданында Көпжасар ауылына салынып жатқан кіреберіс жолды тексерді. Онда жолдың негізі салынған да, техника келесі нысанға кетіп қалған. Үстінен асфальтпен жабылғанша, жолдың негізі цементпен бірге 2-3 апта бойы қозғалыссыз жатты. Айналма жол салынбаған. Автокөліктер топырақ, цементтің үстімен жүрген. Соның салдарынан жолдың қабатындағы цемент бүлініп, желмен ұшқан. Мердігер бұған күтім де жасамаған. Шын мәнісінде мұның өз реті бар ғой. Жер жұмыстарын жүргізіп, жолдың негізін дайындағаннан ізінше асфальт салу қажет. Мұның арасы көпке созылмауы тиіс. Іс жүзінде мердігер тек бір айдан кейін асфальт төсеуге кіріседі. Осылайша, жол салудың технологиясы бұзылады. Жол компаниясы қызметкерлерінің өздері мұның бәріне үлгере алмайтынын мойындайды. Технологияны сақтау үшін су таситын, жолды нығыздап, таптайтын, асфальт төсейтін техникалар жетіспейді», - дейді маман.

Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бұдан төрт жыл бұрын құрылды. 2019 жылдың наурыз айында 14 облыс пен еліміздің 3 қаласында филиалдары ашылды.

Мұндағы негізгі мақсат – автомобиль жолдарының құрылысы, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жүргізілетін жұмыс сапасын тексеру, құрылыс материалдарына сараптама жасау. Сонымен қатар халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпсіздігіне қатысты мониторинг жүргізіледі.

Батыс Қазақстан облысында 6 176 км жол болса, соның 1 114 шақырымы – республикалық, 4 762 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Филиал алғаш құрылған жылы 93 жол желісі ғана бақылауға алса, биыл оның қатары 149-ға жеткізілді. Төрт жылдан астам уақыт ішінде филиал мамандары 606 нысанда 3 286 тексеру жүргізіп, 1 325 ақауды анықтады. Соның 315-і – өрескел кемшіліктер. 7 210 құрылыс материалының сынамасы алынып, соның 1 170-інің ҚР талаптарына сай келмейтіні белгілі болды. Осы жылдар ішінде филиал мамандарының күшімен 196 442 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы, 46 105 шаршы метр жол негізі, 83 текше метр темірбетон конструкциясы қалпына келтірілді. Бұлардың жалпы сомасы – 892 971 млн теңге.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жол мәселесі қашан шешімі табатынын жазған болатынбыз.