Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айдар Батырхановтың айтуынша, биыл Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылында кітапханасы бар клуб ғимараты тұрғызылмақшы. Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық шығармашылық орталығы да салынады. Сондай-ақ 2014 жылы құрылысы басталатын Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының осы заманғы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Бұл ірі жобалардың барлығы облыс әкімдігінің қолдауымен «ҚПО б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына беретін қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес 5 мәдениет нысаны күрделі жөнделеді. Атап айтқанда, Ақжайық ауданының Алғабас, Қаратөбенің Қоржын, Теректінің Покатилов, Шыңғырлаудың Белогор ауылдарында мәдениет үйлері, сондай-ақ Ақсай қаласында мәдениет және демалыс саябағы ретке келтірілмек.
Жалпы, өңірде 18 жаңа мәдениет ғимаратын салу үшін 1404,4 млн. теңге керек. 9 мәдениет ошағы апаттық жағдайда тұрса, 62 ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.