ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 1384,8 млн. теңге қарастырылды.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 465,7 млн. теңге шағын несиелеуге, 489,9 млн. теңге инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға, 216,8 млн. теңге еңбекке орналастыруға ықпал етуге бөлінді.
Биылғы он айда өңірде 8511 жұмыс орны ашылды. 8669 адам еңбек орнын тапса, соның 3927-сі аталған бағдарлама шапағатын көрді. Жастар тәжірибесіне 1316 адам жолданса, соның 791-і бағдарлама арқылы жіберілді.
Биылғы үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 6,1 пайызға өсіп, 166066 теңгеге жетті.
Айта кетейік, үшінші тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).