БҚО-да жүргізуші автокөлікті куәліксіз айдап, ер адамды қағып кетті
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі, полиция майоры Дариға Мәжитованың айтуынша, бірінші оқиға 3 сәуір күні Орал-Подстепный тас жолында болды.
Оның сөзіне қарағанда, сағат 18.30-да «Фольксваген Пассат» автокөлігі жолды кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан 1961 жылғы ер адам иығынан сынық жарақатын алып, Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Мән-жайды анықтау барысында автокөлікті бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 1966 жылғы ер адамның жүргізгені анықталды. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
«Сол күні БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторлары Орал-Атырау жолында 1989 жылғы жүргізушіні қолға түсірді. Ол орташа ауыр дәрежедегі мас күйінде «ВАЗ-21140» автокөлігінің руліне отырған. Құқық бүзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 15-20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Сондай-ақ 4 сәуір күні сағат 23.15-те Оралда В.Захаров көшесі 3-үйдің жанында 1983 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Опель Омега» автокөлігі тоқтатылды. Жүргізуші медициналық куәландыруға сәйкес жеңіл дәрежедегі мас күйінде болды. Оның 2019 жылы 5 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі, жүргізушілердің жауапсыздығы салдарынан жолдағы апат саны азаймай тұр. Биылғы үш айда өңірде 29 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алды», деді Д.Мәжитова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 5-қабаттан секірмек болған әйелдің құтқарылғанын жазған едік.