БҚО-да жыл басынан бері 186 жол-көлік оқиғасы тіркелді

ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 186 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 55 адам қаза тапса,

185-і түрлі жарақат алды. Бұл туралы БҚО-ның Тасқала ауданында өткізілген «Жолдағы қабылдаулар» іс-шарасы кезінде айтылды.

Облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Тельман Үсеновтің айтуынша, аталмыш көрсеткіштер өткен жылғыдан жоғары болып отыр. Оның үстіне жол оқиғаларының жартысынан астамы жаяу жүргіншілерге қатысты. Биыл осындай 97 жол-көлік оқиғасы орын алса, содан 20 адам мерт болып, 82 жаяу жүргінші жарақат алды. Соның ішінде 23 оқиға балалардың қатысуымен болып, бесеуі қаза тапса, 20 жеткіншек жараланды.

Егер 2010 жылы БҚО-да 125,4 мыңнан астам автокөлік болса, биыл олардың қатары 140,1 мыңнан асты.

Тасқалада өткен «Жолдағы қабылдаулар» кезінде жүргізушілерден 26 арыз-шағым түсіп, соның 25-і қанағаттандырылды, 283 азамат сауалнамаға қатысты.

«Жолдағы қабылдаулар» өткен жылы Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Зеленов, Шыңғырлау, биыл Сырым мен Жаңақала аудандарында өткізілген болатын.