БҚО-дағы тәртіптік кеңес екі бірдей қызметкерді жұмысынан босату туралы ұсыныс жасады

ОРАЛ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - 8 желтоқсан күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы болып, онда мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды.

Отырыста алдымен БҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары, осы мекемедегі тәртіптік комиссия төрағасы Тілепберген Каюповтың есебі тыңдалып, заңбұзушылықтарды болдырмау, әсіресе, олардың алдын алу қажеттігіне назар аударылды.

БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде белгілі бір тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетті деп тапқан Орал қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Мұханғали Арыспаев пен бас маман Лаура Насырова өз дәлелдерін алға тартып, бұл пікірмен келіскен жоқ. Мәселені бүге-шүгесіне дейін анықтап, мәні бойынша шешім қабылдау үшін аталған іс облыстық департамент басшысына жолданды. Сол секілді қызметкерлерді жұмыстан босату кезінде заңбұзушылыққа жол берген техникалық колледж директоры Балғаным Кәкімованың ісін енді облыстық білім басқармасының басшысы қарайтын болады.

Облыстық прокуратураның пікірінше, «Еңбек - Орал» РМК филиалының директоры Руслан Шоңаев басқаратын аталмыш мекемеде еңбек заңдылығы жиі бұзылған. Атап айтқанда, еңбек етуші сотталғандарға жалақысы дұрыс төленбеген. Сонымен қатар заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымын қарау тәртібі де бетімен жіберілген. Тәртіптік кеңес Р.Шоңаевтың ісін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 7, 10 және 12-тармақшаларына сәйкес шара қолдану үшін мекеме басшысына жіберу туралы шешім қабылдады.

Прокуратура органдары анықтағанындай, қалған екі іс бір-біріне ұқсас болып шықты. Қазталов ауданы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесі (директоры Мерғараф Ақмалиев) лицензиясыз жұмыс жасағаны өз алдына, мемлекеттік сатып алуда өрескел заңбұзушылықтарға жол берген. Мемлекеттік сатып алу нормаларын қолданбай, киім мен азық-түлік сатып алған аталмыш мекеме оған қоса шарт жасаудан жалтарған жеке кәсіпкерді жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы сотқа жүгінбеген. Ал Қаратөбе ауданы Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев көшелерді жарықтандыру жұмыстарының атқарылмағанын көріп-біле тұра, қабылдау-тапсыру актісіне қолын қойып, қаржыны аударып жіберген. Сонымен қатар ол да мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған жабдықтаушыны сотқа беруі керек еді. Алайда талапарыз уақтылы берілмей, оған заңсыз артықшылық көрсетіліп, тартар айыбынан құтылып кеткен. Тәртіптік кеңес М.Ақмалиевті де, Т.Қазиевті де «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағы 4 және 5-тармақшаларына сәйкес (қызметтерінен босату) шара қолдану жөніндегі аудандық прокуратуралар ұсынысын қолдады.