Алдымен Орал қаласы прокуратурасының заңбұзушылықты жою туралы ұсынысы қаралды. Прокуратура мәліметіне қарағанда, Орал қаласы құрылыс бөлімі «БатысСтройФакт» ЖШС-мен Зачаган кентіндегі «Болашақ» шағынауданын сумен қамту жұмыстарын жүргізу үшін өткен жылғы 21 қыркүйекте 40,7 млн. теңгеге келісімшарт жасаған. Аталған қаржы толықтай төленіп, қыс өтіп, көктем келсе де, жұмыс сапасыз орындалған. Сол себепті нысан пайдалануға жарамсыз болып отыр. Өкінішке қарай, қалалық құрылыс бөлімі жұмыс барысын қадағаламаған. Тәртіптік кеңес сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Арман Өксікбаевты атқарып отырған қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ жұмысты қабылдап алған комиссия құрамында болған БҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы Мұрат Қаржауов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Владимир Дремасов, Жайық-Каспий экология департаментінің бас маманы Сырым Тілегеновке де тиісті шара қолданылатын болады.
Орал қаласындағы №40 орта мектеп директоры Ләззат Темірханның ісі тәртіптік кеңесте бұдан бұрын да қаралып, қызметінен шеттетілген болатын. Оған қатысты материал тексеру үшін БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жіберілген еді. Аталмыш орган анықтағанындай, 2011 жылдың қыркүйек айынан биылғы ақпанға дейін қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын Л.Темірханның орнына басқа мұғалім өткізіп, директор соған ай сайын 15 мың теңге беріп отырған. Сөйтіп директорға 291900 теңге төленген. Кейін қаржылық бақылау комиссиясының тексеруі нәтижесінде аталған қаржы бюджетке қайтарылды. Осындай заңбұзушылық жасағаны үшін Л.Темірханды қызметінен босату ұсынылды.
Орал қаласындағы «№3 монша» ЖШС директоры Құрманғали Қарашев жосықсыз өнім беруші болып танылған қос бірдей жеке кәсіпкерлікті өкілетті органға хабарлауды «ұмытып» кеткен. Соның кесірінен олар мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіміне енгізілмей, өз қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік алған. Сол себепті тәртіптік кеңес Қ.Қарашевті де өз орнына лайық емес деп тапты.
Жалға берілген үйлердің төлемақысы уақтылы төленуін бақыламаған, тиісті шаралар алмаған Зеленов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Виктор Баштавенконың үлесіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту тисе, жалақыға негізсіз үстемеақы қосқан осы бөлімнің бас маманы-бухгалтер Ақбөпе Тасмұханова Ар-намыс кодексі талаптарына сәйкес сөгіс алатын болды. Дәл осындай бірнеше рет «артық» ақша қосқан Шыңғырлау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Гүлжан Әйтімоваға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес ескерту беру ұсынылды.
Ар-намыс кодексі талаптарын сақтамағаны үшін Зеленов ауданынан Макаров және Көшім ауылдық округтерінің әкімдері Нәсіпқали Қуанышев пен Сағидолла Айбатов, сондай-ақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Шәрбану Әйекешева сөгіс «еститін» болды.