ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының қаулысымен ҚР ҚК 177-бабы 4-бөлімі «б» тармағы бойынша айыпталып отырған «AKELLA» ЖШС директоры Алина Хакалоны екі айға қамауға алу туралы санкция берілді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «USAID CEED Bulgaria in Kazakhstan» халықаралық компаниясының шағын және орта бизнеске қаржылай тегін қолдау жөніндегі Қазақстандағы бағдарламасының операторы ретінде өзін таныстырған А.Хакало алаяқтық жасау мақсатында 2009 жылы аталмыш ЖШС-ны құрып, БҚО аумағында ауыр қылмыс жасаған.
«USAID» бағдарламасының операторы ретінде А.Хакало «Сауда-Инвест» ЖШС директорымен грант қорын құру жөнінде келісімшартқа отырған. Кейін «Сауда-Инвест» «AKELLA» ЖШС есебіне 150 млн. теңге аударған. Өз кезегінде Хакало 3 млн. теңгені «Сауда-Инвест» ЖШС-ға аударып, қалғанын қолма-қол ақшаға айналдырып алған. Осындай айламен ол басқа да фирма, мекеме-ұйымдармен келісімшартқа отырған. Ақырында БҚО кәсіпкерлеріне 900 млн. теңге көлемінде залал келтірген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).