БҚО қазақ драма театрында қос бірдей қойылымның премьерасы болды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қос бірдей қойылымның премьерасы болды.

Алдымен жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәдина Омарованың «Жолаушы» атты фантазия-комедиясы сахналанды. Театрдың Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлжиян Шынтемір, Бақтыгүл Жақыпова, сондай-ақ Мұсағали Бектенов, Айдар Жарылғапов, Хорлан Шамелова, Нұрлыгүл Жұбатова сынды белді әртістері ойнайтын спектакльдің қоғамның көлеңкелі тұстарын көрсететін трагедиялық, сонымен қатар күлкіге батыратын комедиялық тұстары да баршылық. Жолаушы мынау жалған өмірде неге жолықпайды. Соның бәрінен абыроймен өту оңай емес. Тек ең бастысы, адам үшін ар мен намыс бәрінен де жоғары тұруы керек. Сонда ғана мақсатына жете алады.

М.Омарованың «Жалт еткен бір сәуле...» лирикалық комедиясында екі-ақ адам ойнайды. Жалға берілетін пәтер іздеген Гүлсім (Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова) дағарадай кең үйде отырған Есімбекке (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов) жолығады. Екеуара әңгіме кезінде олардың бастан кешкен өмірлері көз алдыңыздан өтеді. Жалт еткен сәуледей бір-біріне деген қимастық сезім де оянады. Көрермен кей тұста күле отырып, ойға батады.

Айта кетейік, қос қойылымның да режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Алма Кәкішева. Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан елімізге танымал театр және кино әртісі Гүлнар Жақыпованың қолқа салуымен Оралға келген А.Кәкішева осылайша қос қойылымды сахналап берді.