БҚО: Қазталов ауданында инвестиция көлемі 3 млрд теңгеге жуықтады (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданында 2015 жылы 359,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 2,967 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін тұрғындармен есептік кездесуінде Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр мәлім етті.

Оның айтуынша, аудан бюджетінің кіріс бөлігі 4,35 млрд теңгені құрап, жоспар 104 пайызға орындалды. Салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша ауданның өз табысы 951,5 млн теңге болса, трансферттік түсімдер 3,27 млрд теңгеге жетті.

2016 жылғы аудан бюджеті 4 млрд 651 млн теңге көлемінде бекітіліп, өткен жылғыдан 11 пайызға артып отыр.

Ауыл шаруашылығында «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында 6 шеберлік жоспары бойынша 34 жобаға 26 агроқұрылым қатысып, 403,7 млн теңгенің жұмыстары атқарылды. Ауданда мал басын көбейтумен бірге асылдандыру бағытында 226 шаруашылық асыл тұқымды бұқалар сатып алынған. Ал төрт шаруашылық 258 бас асыл тұқымды аналық малға түрлендіру жұмысын жүргізгені үшін 5,160 млн теңге демеуқаржы алды. Сондай-ақ 2015 жылы 83 млн астам теңгеге 21 шаруа қожалығы лизинг арқылы 20 трактор, 15 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын, өз қаражаттарына 29 трактор сатып алды.

Дегенмен аудан көлемінде қаржыға байланысты шешімін таппай тұрған мәселелер де жоқ емес. Бұл ретте аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов бірқатар ауылдық округтерге газ құбырын тарту мен аудан орталығында 100 орындық интернат салу жөнінде сөз қозғаса, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев, аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлфия Көшбаева ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған елге тағзым» шарасы аясында халықтың өз қаражатына Сарықұдық ауылында фельдшерлік пункт, аудан орталығында өнер мектебін салу, Қошанкөлде жылқы шаруашылығына жастарды тарту мақсатында мұражай мен бәйге алаңын ашу жұмысының басталып жатқанын жеткізді.

Есептік кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аудан басшысы мен тұрғындар көтерген мәселелер мүмкіндігіне қарай шешілетінін, тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтілетін жылда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау сынды жауапты саяси науқанды ұйымшылдықпен өткізу қажеттігін атап өтті.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында Көктерек ауылында болып, осында күрделі жөндеуден өткізілген интернат және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, марқұм Төлеген Сейткереев негізін қалаған өлкетану мұражайының жұмысымен танысты.