ОРАЛ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Қазталов ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай арнайы құрылған штабқа жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Нұретден Құтқожиннің хабарлауынша, Сарыөзеннен келер қауіп жоқ деуге болады. Келіп жатқан судың мөлшері онша көп емес. Ал келген суды «Батыссушар» мекемесімен келісе отырып, көлдіктерге шығарып алу жолы қарастырылуда. Ал Қараөзен деңгейі 15 сәуірде өзен бойында орналасқан Қайыңды тұсында 858 сантиметрге көтерілсе, Жалпақтал ауылының маңында 730 см болып отыр. Жалпақтал ауылында өзен деңгейінің көтерілуі 820 сантиметрге жетсе ғана қауіпті болып табылады.
Қазіргі күнде барлық күш Қарaөзен бойында шоғырлануда. Барлығы 32 техника бөгеу, жыру жұмыстарын атқарса, бұған 120 адам жұмылдырылып отыр.
1994 жылы ауданда үлкен су тасқыны болып аудан орталығы Қазталов ауылын шайып кеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).