БҚО-ның Мерей ауылында тұратын соғыс ардагері қаладан берілетін пәтерден бас тартты

ОРАЛ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бұл өткен жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай болған жайт еді. Аудан, ауыл әкімдерінің Орал қаласынан үй алуы жөніндегі ұсынысынан бас тартқан майдангер Өтешқали Мәмешұлы бүгінде Тасқала ауданы Мерей ауылында тұрып жатыр.

Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиевтің айтуынша, Жеңістің 65 жылдығына орай Орал қаласынан пәтер алушылар тізімінде Өтешқали ақсақал да болған. Алайда ол: «Мен баспана алайын деп қан майданда басымды бәйгеге тіккен жоқпын. Бүгінгі тұрмысыма риза адаммын. Әрі Президенттің өзі бардың қадірін біліңдер, ысырапшыл емес, үнемшіл болыңдар деген жоқ па?», - деп бұдан бас тартқан.

Сөйтіп қалаға бармай, ауылда қалған ақсақалдың көз жанары нашарлағанымен, қимылы ширақ, сөзі тастай, әсіресе, жады мықты. «1920 жылғымын, 91-ге кеттім. Түбім Жаңақаладан. Әкем сонда мал баққан, кейін Саратовтың Алғайына (Александров Гай ауданы) көшіппіз. Соғыс алдында педучилище бітірген едім, бір оқу жылын аяқтап майданға сол Алғайдан кеттім ғой» - деп бастады әңгімесін ол.

Жауынгер Өтешқалидың жорық жолы Балаковтағы үш айлық телефонистер курсынан басталады. Одан әрі 3- дивизияның 242-дербес зенит батареясында байланысшы болып, Мәскеуді жаудан қорғауға қатысады. Мәскеу түбінде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлын көреді, бірақ сұсынан қаймығып, қасына барып сөйлесуге батпайды. Әйгілі Ленинград қоршауын бұзушылар қатырында болады. Алғы шеп пен тыл арасына талай жүздеген шақырым телефон сымын тартып, қажет жерінде зениткаға отырып, 75 миллиметрлік зеңбіректі ұршықша үйірген Өтешқали «Біз жеңдік!» деген жүрекжарды сөзді Свердловск маңында эшелонда келе жатып естіген.

- Біздің армияның алды жапон самурайларына соққы беруге Қиыр Шығысқа жетіп қалған еді. Пойызда бір түнедік, екінші күні пойыз кенеттен тоқтай қалды. Не болды екен деп вагонның есігін ашып жіберсек: «Ура, Жеңіс, Жеңіс!», - деген айғайды естідік. Қолда қаруымыз жоқ, бастағы пилоткалар сол сәтте аспанға ұшты...Содан Свердловскідегі 76- дивизияның 45-батареясында аз уақыт қызмет етіп, 1945 жылдың 10 қазанында елге оралдым, - дейді ардагер.

Соғыстан келген жауынгер бейбіт өмірде бар күш-жігерін білім саласына арнаған. Мамандығы бойынша мектепке кіріп, Орал пединститутының тарих факультетін сырттай бітірген. 1947 жылы жары Сақыпжамалмен отау құрады. Ол да ұстаз еді. Сөйтіп, бір үйдегі қос мұғалім Қазталов ауданына қоныс аударып, осында қырық жыл еңбек етеді. Дүниеге жеті перзент келеді. Ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін Өтешқали ақсақал «КСРО білім беру ісінің үздігі» атанады. 1981 жылы зейнет демалысына шыққасын «қалаға жақындау ғой, бала оқытайық» деп Тасқала ауданына көшіп келген екен.

Ардагерді ерекше қуантатыны - оның Отан алдындағы ерлігін ешкімнің ұмытпайтындығы. Қырымды азат еткені үшін Дондағы Ростов қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелігіне алынды. 1990 жылы Свердловскіге, бір кездегі өзі қызмет еткен дивизияның мерейтойына шақырылды. Мереке сайын әскери бөлімдерден келіп жататын құттықтаулардың өзі бір құшақ. «Құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Құрметтеп, қамқорлық көрсетіп отырған Елбасына, облыс, аудан басшыларына үлкен рахмет. Жыл сайын шипажайда тегін демаламыз. Осындағы Айжан дейтін дәрігер қызым апта сайын: «Ата, қалайсыз?» деп денсаулығымды тексеріп кетеді. Ал енді, қаладан берілген үйді алмау себебім бірнешеу. Біріншіден, адамға қанағат керек. Ғұмырымда біреуден тегін бір нәрсе алып, тыраштанып байлық жиған жан емеспін. Артық дәулет абырой әпермейді. Ұл-қызыма да соны үйреттім. Екіншіден, жасым 90-нан асқанда қаланың көпқабатты үйіне түсіп-міне алмасым анық, әрі ауылды қимадым. Қанша дегенмен ауылдың ауасы бөлек қой, адамға күш береді. Жеті балам бар екенін айтқанмын. Бәрі жоғары білім алды, жақсы қызметте жүр. Сол бала-келін, қыз-күйеу мені бірінен кейін бірі келіп алып кетеді. Соларға кезек-кезек жатып, жасарып қайтамын. Шөберемнің үлкені 7 сыныпта оқиды. Бақыт деген осы емес пе?!», - дейді майдангер ақсақал.