БҚО-ның Сырым ауданында тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған шаралар өтуде

АЛ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сырым ауданында бүгін ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар өтуде.

«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты мерекелік шара барысында ауданның дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, облыстың және ауданның өңірге танымал өнерпаздары концерт қояды. Бәйге алаңында сәйгүліктер 24 шақырымдық аламан және 12 шақырымдық құнан бәйгеге сынға түседі. Сондай-ақ қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, қазақ күресі, кір тасын көтеру және басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді.

-Биылғы шаралардың бәрі де тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өтуде, - дейді аудан әкімі Ерлан Нысанғалиев - Осындай мейрамды ұйымдастырудағы мақсат - елдігімізді көрсетіп, Елбасымыздың сара басшылығымен бір кезде Сырым Датұлындай бабаларымыз, біртуар Алаш қайраткерлері аңсап өткен тәуелсіздікті баянды ету жолындағы кезеңімізге көз жүгірту, алдағы ой-жоспарымызды ұштай түсу.