Аудан әкімі Арман Өтеғұловтың айтуынша, ауыл-аймақты газдандыру қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде көгілдір отын 21 елді мекенге жеткізіліп, көптеген әлеуметтік-мәдени мекемелер, 3831 үй газдандырылды. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Шағатай ауылында су құбыры жаңғыртылды. Осы ауылда 40 орындық, Подстепныйда «Үміт» тілдер гимназиясының қосымша 45 орындық интернаты пайдалануға берілді. Көнеккеткен ауылында 196 орындық мектеп құрылысы басталса, Подстепныйда 290 орындық балабақша салынуда.
«Жұмыспен қамту» бағдарламасының бірінші бағытына өткен жылы 115 адам қатыстырылды. Оқыған адамдарды еңбекке орналастыру үшін республикалық бюджеттен 34,4 млн. теңге бөлінді. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 130, жастар тәжірибесіне 60 адам жіберілмек. Ауыл тұрғындарына өз кәсібін дамыту үшін 110 млн. теңге бөлініп отыр. Күні бүгін 152 адам жеңілдікпен несие алуға тілек білдірсе, соның 47-сі серіктестік құрмақшы. Бұл мақсатқа 324,3 млн. теңге қажет. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы да табыспен жүзеге асырылуда. Өткен жылы 121 жас маман келсе, соның 68-і көтермеақыларын, 21-і тұрғын үй алды.