Аудан орталығындағы №8 кәсіптік лицей саябағына орнатылған ескерткіш тақтаны «Лайгэ» құрылыс компаниясының демеушілігімен жергілікті мүсінші Досқали Мұратов жасады.
Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жаңақала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мағауия Өтегенов, Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі, Жаңақала аудандық атқару комитетінің төрағасы Есет Тоқсанов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Байғанин, Ленин орденді ұстаз Ғұмар Салықов, тағы басқа жазықсыз жапа шеккен жаңақалалықтардың суреттері орнатылып, есімдері жазылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына олардың ұрпақтары арнайы шақырылды.
Аталмыш шара аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғалиды сөзімен ашылып, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов қасіретті жылдар тарихынан байыпты хабарлама жасады.
Шараға отбасымен арнайы келген Е.Тоқсановтың ұлы Вилен Есетұлының, Ғ.Салықовтың қызы Мария Ғұмарқызының зобалаң жылдар естелігі тыңдаған талай көкірекке шер ұялатып, жанарды еріксіз жасқа шылатты.
Талай жазықсыз жандарды тар қапасында тұншықтырған тас түрме қабырғасы, қирап ортасына түскен шаңырақ бейнеленген ескерткіш тақта ашылғаннан кейін арыстарға гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетіліп, дұға оқылды.