ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында өңірге танымал қайраткер, кезінде облыста басшылық қызметтер атқарған Мансұр Ғизатулин тұрған үйге (Қасым Аманжолов, 59-үй) ескерткіш тақта орнатылды.
Шараға еңбек ардагерлері, кезінде М. Ғизатулинмен қызметтес болған әріптестері, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев, Мәскеу қаласында тұратын қызы Лилия Ғизатулина, немересі Эльдар Бардушанов қатысты.
Салтанатты шараны соғыс және еңбек ардагері Хамза Сафин ашып, Мансұр Кәрімұлының өмір жолы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Мансұр Ғизатулинмен қызметтес болған Валерий Жүнісов, Роза Көжекова, Вячеслав Валиев, Кенжеғали Қаражанов және қызы Лилия Мансұрқызы қайраткердің рухына тағзым етіп, естелік әңгімелерін айтты. Мансұр Кәрімұлы өңірде, әсіресе, құрылыс саласына жетекшілік етіп, Орал қаласында жаңа нысандардың, өндірістік орындардың, көп қабатты тұрғын үйлердің бой көтеруіне үлкен еңбек сіңірді. Екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған ол 1967 жылдан 1975 жылға дейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).