ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының 26 маусымдағы бұйрығымен Александр Васильевич Цуранков БҚО прокурорының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокурорының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол Бас прокуратураға ауысқан Нұрлан Мұратұлы Дүйсенбаевтың орнына келді.
А.В.Цуранков 1981 жылы дүниеге келген, осыған дейін Бас прокуратура департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарған. Әр жылдары Бас прокуратура департаментімен қатар Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокурорының орынбасары, Қостанай облысы Қамысты ауданының прокуроры болды.
«Орталық аппаратта қызмет еткен Александр Васильевич Цуранковтың тәжірибесі жеткілікті. Енді облыс прокурорының орынбасары ретінде өз қызметін жоғары талаптарға сай, біліктілікпен атқарады деп сенеміз. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен де тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).