БҚО соттарында қаралған істер азайып отыр

ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық сотында облыс соттарының 2011 жылғы жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген жалпы отырысы болды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жалпы отырысты Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, жүргізіп отырды.

Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарауда заңдылықты сақтауы және сот төрелігін атқарудың жағдайы туралы апелляциялық және кассациялық сот алқаларының төрағалары Теміржан Нұғманов пен Бақытбек Бегалиев баяндамалар жасады.

БҚО соттарында 2011 жылы 29 564 іс, оның ішінде 18 150 азаматтық, 1577 қылмыстық және 9837 әкімшілік іс қаралды. Бұл облыс соттарында оның алдыңғы жылмен салыстырғанда қаралған істердің азая түскенін көрсетеді. 2010 жылы облыс соттарында небәрі 33 463 іс қаралған болатын.

2011 жылы 1767 адамға қатысты 1577 қылмыстық іс, соның ішінде 1070 тұлғаға қатысты 858 іс үкім шығарыла отырылып қаралды. 33 тұлғаға қатысты ақтау үкімдері шығарылды.

Ал 2010 жылы 2498 адамға қатысты 2219 қылмыстық іс қаралып, 22 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылған еді.

Сөйтіп алдыңғы жылмен салыстырғанда соттарда қаралған қылмыстық істер 28,9 пайызға, ал тұлғаларға шаққанда 29, 2 пайызға, үкім шығарыла отырылып қаралған істер 34, 1 пайызға азайғандығын көрсетеді. Сондай-ақ  соттағандар мен ақталғандардың саны да кеміп отыр.

Алдыңғы жылмен салыстырғанда бас бостандығынан айырылғандардың үлес салмағы артты. 2010 жылы 574 адам, ал 2011 жылы 451 адам бас бостандығынан айырылды. Ауыр және аса ауыр қылмыстар алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға көбейсе, онша ауыр емес және орташа дәрежелі қылмыстар 12 пайызға азайды.

Сотталған және бас бостандығынан айырылған жасөспірімдер саны артып отыр. 2010 жылы 105 жасөспірім сотталып, жалпы соталғандардың 6,9 пайызын, бас бостандығынан айырылғандардың 11,4 пайызын құраса, 2011 жылы 97 жасөспірім сотталып, сотталғандардың 9,3, бас бостандығынан айырылғандардың 18,6 пайызын құрады.

2011 жылы алқа билердің қатысуымен 18 адамға қатысты 15 қылмыстық іс қаралып, айыпталған 17 тұлғаның бәрі бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бір адамға қатысты ақтау үкімі шығарылды.

Өткен жылы облыс соттарында 547 қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларына санкция беру туралы ұсыным қаралды.

Апелляциялық сот алқасында 413 қылмыстық іс пен материалдар түсіп, есепті мерзімде 447 адамға қатысты 389 қылмыстық іс пен материал қаралды.

Облыс соттарында азаматтық істер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайып келеді. 2011 жылы облыс соттарына 21856 арыз түсіп, 18352 арыз бойынша азаматтық іс өндірісі қозғалды. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда азаматтық даулардың 2024 арызға азайғандығының белгісі.

Соның ішінде 1891 азаматтық іс мемелекеттік тілде қаралды немесе бұл барлық өндірісі аяқталған азаматтық істердің 10 пайызы.

Облыс соттарында әкімшілік істердің саны азайып келеді. 2010 жылы соттарға 11963 әкімшілік іс түсіп, 10542 іс қаралса, өткен жылы 11625 әкімшілік іс түсіп, 9837 іс қаралды. Әкімшілік істердің басым үлес салмағы Орал қаласы мен Бөрлі ауданының мамандандырылған әкімшілік, Бөрлі, Жәнібек, Теректі және №2 Зеленов аудандық соттарының үлесіне тиіп отыр.

Батыс Қазақстан облысының кассациялық сот алқасына 2011 қылмыстық істер бойынша 8, азаматтық істер бойынша 601 кассациялық шағым мен 13 кассациялық наразылық түсті. Сөйтіп кассациялық тәртіпте түскен қылмыстық істер алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл азайды. 

Кассациялық тәртіпте түскен істердің бәрі де қаралып, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 4 тұлғаға қатысты үш үкімі өзгертіліп отыр.

Ал азаматтық істер бойынша кассациялық тәртіпте түскен шағымдар мен наразылықтардың да, қаралған істердің де саны оның алдыңғы жылмен салыстырғанда көбейген.

Облыстық сот отырысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов қатысып, сөз сөйледі.