ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында А.Максимовтың «Жасыл жапырақты күз» мистикалық мелодрамасы қойылды.
Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов сахналаған қойылымда небәрі үш-ақ адам ойнайды. Шалдың рөлін ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов сомдаса, қыз бен жігіттің бейнесінде Наргиза Шадиева мен Бақытжан Өтеғалиев шықты.
Мистикалық қойылымда кейіпкерлер Жұмақ - Тозақ - Өмірдің айырмашылығын екшеуге тырысады. Жалғыздықтың формуласын шешкен сүйекші шалдың пәлсапасы ерекше. Ұлы жаңалықтар, ұлы істердің астарында Үрей тұрғанына сенеді ол. Оның «Бақыт бар жерде жалғыздық жоқ. Энергия нөлге тең. Ал энергиясы нөл адамдар тамаша туындылар туғыза алмайды» деуі көрерменге ой салары анық. Қойылымға мәңгілік тақырып - махаббат жайлы әңгіме де арқау болған.
Бұл - қазақ драма театрының биылғы маусымындағы алғашқы премьера. Биыл театрдың басшылығы да өзгерді. Театр директоры болып оның талантты әртістерінің бірі, ақын Қуаныш Амандықов тағайындалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).