БҚО тұрғыны аса ірі көлемде цифрлық активтерді заңсыз өткізумен айналысқан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан БҚО тұрғынына қатысты тергеуді аяқтады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, күдікті міндетті тіркеусіз және лицензиясыз цифрлық активтермен операция жасау арқылы табыс табу схемасын жүзеге асырған.

Ол өзінің заңсыз қызметі барысында «Imrat Group» қаржы пирамидасының салымшыларынан түскен ақшалай қаражатты криптовалютаға айырбастап, кейіннен ұйымдастырушылардың криптоәмияндарына жіберіп отырған.

- Бұдан бөлек, ол басқа да жеке тұлғалардан ақшалай қаражат қабылдаған. Оның іс-әрекетінің нәтижесінде цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялардың сомасы 155 миллион теңге болды. Істі тергеу барысында күдіктінің құны 57 миллион теңге үйлері мен автокөлігі түріндегі мүлкіне тыйым салынды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1267 млн теңге заңсыз несие алған серіктестік басшысы сотталғанын жазған едік.