ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала аудандық мәдениет үйі алдында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, домбырашы, профессор Шамғон Қажығалиевтің (1927-2015) мүсіні орнатылды.
Мүсінді белгілі дирижер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов пен аудан әкімі Лавр Хайретдинов салтанатпен ашты.
Аудан басшысының айтуынша, алыптар аллеясына осымен Жаңақаладан шыққан жетінші күйшінің мүсіні орнатылып отыр. Бұған дейін Құрманғазы, Дина, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Мәмен, Тұяқберді Шәмеловтің ескерткіші сап түзеген еді. Бұлардың бәрінің де авторы - оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов.
Көзі тірісінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестріне, одан кейін Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестріне жетекшілік етіп, халқымыздың өнерін күллі әлемге танытқан Шамғон Қажығалиевтің биыл дүниеден өтіп, Алматыдағы Кеңсайда жерленгені белгілі. Алдағы уақытта бірегей тұлғаны еске алуға арналған мәдени шаралар мен байқаулар ұйымдастырылатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).