БҚО: Жәнібек ауданына жаңа әкім тағайындалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Президент Әкімшілігі және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Азамат Сафималиұлы Сафималиев ротациялау тәртібімен Жәнібек ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов бұған дейін Тасқала ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Азамат Сафималиевті аудан активіне таныстырып, Елбасы тапсырмаларын орындауда табыс тіледі.

А.Сафималиев 1979 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2000 жылы Атырау мұнай және газ институтын инженер-экономист мамандығы бойынша, 2008 жылы ҚР Президенті  жанындағы мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесінде бітірген.

Алғашқы еңбек жолын  2001 жылы Атырау облысы «Нефтестройсервис  ЛТД» ЖШС-де оператор болып бастаған. 2003 жылы  Атырау облысы қаржы басқармасының бас маманы, 2005 жылы Атырау облыстық қаржы департаментінде  бюджеттің орындалуын талдау және үйлестіру бөлімінің бас маманы,  бөлім бастығының міндетін атқарушы, бөлім бастығы болып қызмет атқарған. 2005 жылы Атырау облыстық қаржы  департаментінде  әлеуметтік саланың қаржыландыру жоспарларын жүргізу және рұқсат беру бөлімінің бастығы, 2006 жылы Атырау облыстық қаржы департаменті денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын қаржыландыру жоспарларын жүргізу және рұқсат беру бөлімінің бастығы болып еңбек еткен. Мемлекеттік басқару академиясын бітіргеннен кейін 2008-2009 жылдары Астана қаласында ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, 2009-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2010-2012 жылдары  Орал қаласы әкімінің орынбасары, 2012 жылы   БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары. 2012-2016 жылдары Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары болды.

Азамат Сафималиев  2016 жылдың 21 маусымынан бері Тасқала  ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Еске сала кетейік, осыған дейін Жәнібек ауданын басқарған Наурызбай Қарағойшин бүгін Жаңақала ауданының әкімі болып ауысты.