Білім беру саласындағы ЖИ: Отандық мектептер цифрлық болашаққа неге тең қадам баса алмай отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағыттағы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін бюджеттен 177 миллиард теңге бөлініп, аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын халықаралық ЖИ орталығы құрылды. Алайда мемлекеттік ведомстволардан келген ресми жауаптар бұл мүмкіндіктерді барлық аймақ бірдей қолдана алмайтынын көрсетті.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы» Жарлыққа қол қою арқылы отандық мектептерді инновациялық тұрғыдан жаңғыртудың бағдарын айқындап берді.

Мысалы жүргізілген талдау көрсеткендей, Павлодар мен Түркістан облысы оқушыларының цифрлық болашаққа қадам басу мүмкіндіктерінде бес есеге жуық айырмашылық бар. Бұл алшақтық өңірлердегі инфрақұрылым деңгейін, мұғалімдердің дайындығы мен қажетті ресурстармен қамтылу көрсеткішін анық аңғартады.

Статистика не дейді?

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жолданған сауалға берген ресми жауабында, ең алдымен, осы саладағы жетістіктерге тоқталды. Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) телекоммуникациялық инфрақұрылым жөніндегі жаһандық индексінде 41-орынға тұрақтаған, ал ел азаматтарының 93 пайызы интернетті белсенді пайдаланады. Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект және киберқауіпсіздік туралы заңдар қабылданған.

Бүгінде eGov AI виртуалды көмекшісіне 2,3 миллионнан астам адам жүгінген. Ал құқықтық мәселелер бойынша AI-кеңесші 230 мыңнан астам сұраққа жауап берді. Бұдан бөлек, Cerebra AI жүйесі елордалық 17 емханада инсульттен болатын өлім-жітім көрсеткішін 40 пайызға төмендетті. Жасанды интеллект бағытындағы мемлекеттік басқару мен бизнесті дамыту мақсатында 600-ге жуық шенеунік пен кәсіпкер Стэнфорд университеті және OpenAI академиясымен бірлескен AI Leaders бағдарламасы бойынша білім алды.

Фото: Ақорда

Павлодар облысының әкімдігі мен Түркістан облыстық білім басқармасынан келген жауаптар да өңірлердегі цифрландыру деңгейін көрсететін сандарға толы. Бірақ бұл мәліметтердің арасы жер мен көктей.

Мәселен Павлодар облысындағы 362 мектепте 39 967 компьютер бар. Бұл дегеніміз – бір компьютерге орта есеппен үш оқушыдан келеді деген сөз, бұл республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары. Аймақтағы барлық мектеп ХЭО стандарттарына сай жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Қала мектептеріндегі жылдамдық 100 Мбит/с-тан басталса, ауылдық жерлерде 20 Мбит/с-тан кем емес. Тек мектеп инфрақұрылымын цифрландыруға осы оқу жылында бюджеттен 667 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал мұғалімдердің 70 пайызы, яғни 14 мыңнан астам педагог жасанды интеллект бойынша арнайы курстардан өтіп үлгерген.

Ал Түркістан облысындағы жағдай мүлдем басқаша. Мұндағы 1 106 мектепте 554 мың оқушы білім алады, ал компьютер саны – 71 147. Нәтижесінде бір компьютерді 14 оқушы бөлісуге мәжбүр. Бұл – елдегі орташа көрсеткіштен екі есе, ал Павлодар өңірімен салыстырғанда төрт жарым есе төмен. Оның үстіне, 940 мектептің 269-ы интернетке Starlink спутниктік желісі арқылы қосылған. Спутниктік интернет сымды талшықты-оптикалық желі сияқты тұрақты емес, сондықтан бір сыныпта 30 оқушы бір уақытта жұмыс істеген кезде оның мүмкіндігі шектеулі екені байқалады.

Мектепті жабдықтау – әкімдік жауапкершілігі

Білім берудің бірыңғай мемлекеттік стандарты бар елде мұндай үлкен алшақтық неліктен туындап отыр? Жауап Оқу-ағарту министрлігінің ресми хатында тайға таңба басқандай көрсетілген.

– Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне кіреді, – делінген ведомство жауабында.

Қарапайым тілмен айтқанда мектептерді компьютермен жабдықтау – тікелей әкімдіктің жауапкершілігі. Бәрі жергілікті биліктің бұл мәселеге қаншалықты басымдық беретініне және бюджетінің қауқарына байланысты.

Фото: Руслан Мухамедьяров / Kazinform

Павлодар облысы – экономикасы дамыған, салық түсімі мол өндірістік аймақ. Ал Түркістан облысы – негізінен ауыл тұрғындары басым, тарихи тұрғыдан мемлекеттің демеуқаржысына сүйеніп отырған, еліміздегі ең тығыз қоныстанған өңір. Заң талабы бәріне ортақ болғанымен, аймақтардың экономикалық әлеуеті мен салықтық кірісі әртүрлі. Соның салдарынан білім саласын қаржыландыруда үлкен теңсіздік туындап, бұл балалардың білім алу мүмкіндігіне тікелей әсер етіп отыр.

Билік мәселеден хабардар

«Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы» Жарлықта бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру, дербес оқыту, мұғалімдерді даярлау және талдаудағы маңызды тұсы – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту көзделген.

Бұл жерде мемлекеттің аталған алшақтықты ресми түрде мойындап, оны жою қажеттігін түсініп отырғаны анық. Тек басты мәселе – бұл жұмыстың қаншалықты тез атқарылатынында.

2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар биылғы 1 шілдеге дейін бекітілуі тиіс. Осыдан кейін пилоттық мектептер 1 тамызға дейін қажетті техника мен интернетке қол жеткізіп, 1 қыркүйекке қарай жасанды интеллектіні қолдану стандарттары әзірленуі керек. Уақыт тығыз, ал алда тұрған міндеттер ауқымды.

Курстан өткен 300 мың педагог не үйретпек?

Оқу-ағарту министрлігі таңғаларлық статистиканы алға тартады. 300 мыңнан астам педагог mooc.orleu.edu.kz платформасында «Оқу үдерісі және жасанды интеллект: генеративті модельдер және промпт-инжиниринг өнері» атты онлайн-курсты аяқтаған. Ал тағы 60 мыңға жуық мұғалім мемлекеттік тапсырыс аясында тереңдетілген бағдарламалар бойынша білім алмақ. Бұл оқу үдерісі ЮНЕСКО-ның «Игеру – Тереңдету – Құру» деп аталатын үш деңгейлі моделіне негізделген.

Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Бұл – ауқымды жұмыс, дегенмен техникалық инфрақұрылымсыз мұғалімдерді оқыту – көлік жүргізуді теория жүзінде білетін, бірақ мінерге көлігі жоқ жүргізушінің күйін еске түсіреді. Педагогтердің біліктілігі қаншалықты жоғары болғанымен, мектептердегі техникалық жабдықтаудың сапасы нашар не тіпті болмауы оқу үдерісіне жасанды интеллект құралдарын толыққанды енгізуге кедергі келтіріп отыр.

Сәуле Қабышева Екібастұз қаласындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Ол – Оқу-ағарту министрлігі мақтана айтқан 300 мың мұғалімнің бірі. Бұл салада 1993 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жасанды интеллект бойынша курстарды бітірген, вайбкодинг бойынша шеберлік сыныптарына қатысады.

Технологияның игілігін көру үшін алдымен соған сай инфрақұрылым қалыптасуы тиіс. 1500 бала білім алатын, үш компьютер сыныбы мен іркіліссіз жұмыс істейтін интернеті бар бұл мектеп салыстырмалы түрде әлдеқайда алда тұр. Бірақ осындай жабдықталған мектептің өзінде мұғалімдер үйренген жаңашылдық пен оны күнделікті сабақта қолдану мүмкіндігі арасындағы айырмашылық байқалмай қалмайды.

– Менің сабағымда 5-тен 11-сыныпқа дейінгі балалардың бәрі компьютермен жұмыс істеп, практикалық тапсырмаларды орындайды. Біз Wordwall, Kahoot!, Quizizz сияқты платформаларды қолданамыз. Жасанды интеллект курстары мен вайбкодинг шеберлік сыныптарынан өткеннен кейін, өткен тақырыптарды қайталау үшін шағын ойындарды пайдалануға тырысамын. Алайда сыныптағы бала саны 24–27 оқушыға жетеді, сондықтан әр балаға жеке компьютер әрдайым жете бермейді, – дейді Сәуле Қабышева.

Статистика теңескенімен, мүмкіндік тең емес

Ресми мәліметке сенсек, Павлодар мен Түркістан облысындағы мектептер интернетпен толық қамтылған. Оқу-ағарту министрлігі де бұл ақпаратты растап, елдегі мектептердің 99 пайызы интернетке қосылғанын айтады. Қағаз жүзінде бәрі керемет көрінгенімен, іс жүзіндегі жағдай мүлдем басқаша.

Жылдамдығы 100 Мбит/с болатын талшықты-оптикалық желі бір мектептегі барлық сыныптың бір уақытта видео-конференциялар өткізуіне, бұлтты платформалармен және жасанды интеллект сервистерімен кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал Түркістан облысының ауылдық мектебіндегі спутниктік Starlink жүйесінің интернет жылдамдығы барлық оқушыға бөлінеді. Сыныптағы 30 бала бір уақытта қолданса, құрылғылар істемей қатып қалып жатады.

Сол себепті де «интернетке қосылған» және «цифрлық ортада толыққанды жұмыс істей алады» деген тіркестерді синоним деп айтуға келмейді.

Павлодар қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы мектептің оқушысы Игорь Мартынюк Орталық Азиядан тұңғыш рет Y Combinator AI Startup School жазғы бағдарламасына іріктеуден өтті. Оның ойлап тапқан TabAI сервисін қазір бүкіл әлем бойынша 15 мыңға жуық адам пайдаланады. Дәл осы өңірде 2026 жылдан бастап «AI Mektep» жобасы – тікелей мектеп ішінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бейнеталдау жүйесі іске қосылды.

Әрине, бұл – уақытында цифрлық салаға жүйелі түрде қаржы құюдың жемісі. Бірақ мектептердің техникалық базасындағы осындай алшақтық балалар арасында үлкен теңсіздік тудырып отыр. Бір аймақтың оқушылары әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерді иеленіп жатса, екінші бір өңірдің балалары заманауи дағдыларды қарапайым компьютердің жоқтығынан іс жүзінде меңгере алмай қалып жатыр.

Министрліктің «Цифрландыру жылы тек қағаздағы көрсеткіштермен емес, нақты өзгерістермен, яғни қызметтің жылдамдығымен, жаңа мүмкіндіктермен өлшенуі керек» дегені өте орынды. Бірақ осы уәжге тағы бір маңызды талапты қосқымыз келеді. Ол – теңдік. Мұғалімдерді оқытып, жалпы ел деңгейінде үлкен жетістіктерді айтып мақтануға болар, бірақ аймақтарды қаржыландырудағы осы теңсіздік жойылмай, іс алға баспайды.

Айта кетейік, бұған дейін, Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім саласына жасанды интеллектіні ендіру процесіне қатысты түсінік берген еді.