Ал Қазақстанда 14–35 жас аралығындағы 6 млн 192 мыңға жуық жас бар. Бұл — мектеп оқушысынан бастап жас ғалым, IT маманы, кәсіпкер мен мемлекеттік қызметшіге дейінгі кең әлеуметтік топ.
Білімге ұмтылыс, жаңа технологияларды меңгеру және тың идеялар — бүгінгі жастардың басты ерекшелігі. Дегенмен олардың саяси және қоғамдық өмірдегі рөлі, білім алуы мен кәсіби дамуы туралы сөз болғанда, көбіне Еуропа елдері мен АҚШ-тың тәжірибесі мысалға алынады.
Ал Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толған Қазақстан жастарының бүгінгі бет-бейнесі қандай? Олардың басты жетістіктері мен өзекті мәселелері қандай? Жастардың мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі қандай? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп, мәселені жан-жақты зерттеп көрді.
Білім — жастардың басты капиталы
Шоқан Уәлиханов айтқандай, халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет. Бүгінде ел жастарының басым бөлігі білімге құштар. Олар жастайынан сапалы білім алып, үздік жоғары оқу орнына түсуді мақсат етеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, биыл білімді өмірдегі негізгі құндылықтардың бірі санайтын жастардың үлесі 13,8 пайыздан 23,7 пайызға дейін өскен.
Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жоғары білімі бар жастардың саны 655 мыңға жеткен. Олардың жалпы үлесі 11 пайыз.
– Алматы қаласы көш бастап тұр. Шаһардағы жастардың 28 пайызының жоғары білімі бар. Бұл ретте әрбір үшінші жас жоғары оқу орнын аяқтаған. Алматы — университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары шоғырланған еліміздегі ірі білім беру орталығы. Екінші орында жастардың 21 пайызы жоғары білім алған Шымкент қаласы тұр. Үшінші орында — 19 пайыз көрсеткішпен Астана қаласы, – деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева.
Жоғары оқу орнын аяқтап, магистратура мен докторантурада білімін жалғастырып жүрген жастар да аз емес. Бұған жыл сайын бөлінетін мемлекеттік гранттар дәлел.
Білімін шыңдап, ғылымға бет бұрған жас зерттеушілердің қатары да артып келеді. 2025 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 51,4 мың ғылыми қызметкер бар. Оның 8,7 мыңы — 34 жасқа толмаған. Ел бойынша ғылыми қызметкерлердің 16,94 пайызы — жастар.
Шетелде шыңдалып, елге оралған жастар
Білім туралы сөз болғанда, «Болашақ» бағдарламасын айналып өту мүмкін емес. Себебі 33 жылдық тарихы бар бұл жоба талай қазақстандық жасқа шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға жол ашты.
Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция сынды елдердің жоғары оқу орындарында білім алған қазақстандықтардың саны 13 мыңнан асқан. Ең бастысы, басым бөлігі елге оралып, алған тәжірибесін ел игілігіне жұмсап жүр.
Бағдарлама түлектерінің 45 пайызы жеке кәсіпкерлік пен бизнес саласын таңдаған. Мемлекеттік секторда — 25 пайызы, ұлттық компанияларда 18 пайызы еңбек етеді. Медицина саласында 790-нан астам маман қызмет атқарса, 842 түлек мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақ береді.
Бұл — бір ғана мемлекеттік бағдарлама аясында шетелде білім алып, елге оралған жастардың үлесі. Ал жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері мен түрлі халықаралық жобалар арқылы шетелде білім алған қазақстандық жастарды қоссақ, бұл көрсеткіштің ауқымы одан да кең болары анық.
Жұмысқа орналасу: мүмкіндік пен кедергі
Елде жас буынның жұмысқа орналасу мәселесі қалай? Бұл сауалымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Министрлік мәліметінше, соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеген.
- 2020 жылы 15–28 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық 3,6–4,0 пайыз аралығында болса, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 3,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан, - деп хабарлайды ведомстводан.
Жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына «Жастар практикасы» жобасы да мүмкіндік беріп отыр. Соңғы екі жылда жобаға 39 мыңға жуық жас қатысып, оның 6,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Дегенмен мәселе жоқ емес. 2026 жылы елдегі NEET жастарының үлесі 5,8 пайыз болып отыр. Бұл санатқа 327,9 мың жас кіреді.
– Бүгінде еңбек нарығында цифрлық және ақпараттық технологиялар, инженерлік-техникалық мамандықтарына сұраныс жоғары. Жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік бағдарлау, дағдыларды дамыту және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жүзеге асырылып жатыр, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Баспанаға бастар жол: жастарға қандай қолдау бар?
Жастардың білімі бар, тұрақты жұмысы да бар дерлік. Ал баспана мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 115 мыңнан астам жас шаңырақ көтерген. Жас отбасы үшін өз баспанасына қол жеткізу — үлкен арман. Сол арманға қадам басқан жастар ертерек депозит ашып, пәтер алуға дайындала бастайды.
Отбасы банкінің ақпаратына сай, соңғы бес жылда 35 жасқа дейінгі 145 242 жас баспаналы болған. Бұл ретте «Наурыз» бағдарламасының үлесі жоғары. Бағдарлама аясында берілген қарыздардың 60 пайыздан астамын 35 жасқа дейінгі азаматтар алған.
– 2026 жылғы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары мен қандастардың саны 570 265 адам. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 72 838 адам. Одан кейін Шымкент қаласында – 55 753, Алматы қаласында 44 337 адам тіркелген, - деп мәлімдейді «Отбасы банк «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы.
Жастарды баспанамен қамту бағытында арнайы қолдау жобалары да бар. Еліміздің 17 өңірінде әлеуметтік сала мамандарына арналған әкімдікпен бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылады.
Бағдарламалар бойынша бастапқы жарна 10 пайыздан басталып, несие мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз болады. Осы тетіктердің арқасында 12 400 жас отбасы баспаналы болды. Қаржыландырудың жалпы көлемі 258,2 млрд теңге.
Мемлекеттік қызметтегі жас көшбасшылар
Ел саясатына араласатын жас буынның қатары артып келеді. Бүгінде 35 жасқа дейінгі 28 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Бұл — саладағы мамандардың 33,3 пайызы.
Жаста болса бас болып, басшылық лауазымдарда 4,3 мың жас қызмет атқарады. Ал дипломын қолына ала сала елді мекендердегі мемлекеттік қызметке кіріскен түлектердің саны соңғы төрт жылда 845-ке жеткен. Бұл ретте өңірлердегі бос лауазымдар да азайып отыр. Бұған дейін 3 мыңнан астам орын болса, қазір олардың саны 1,5 мыңға жуықтаған.
Ауыртпалықты ауырсынып, өзге салаға ауысатындардың үлесі де төмендеген. Агенттік мәліметінше, соңғы кезеңде бұл көрсеткіш 21 пайызға азайған.
- Президенттік жастар кадр резервіне де қызығушылық көп. Жоба басталғалы төрт іріктеуге 98 мыңнан астам азамат өтінім берген. 2019 жылы 13 мыңға жуық өтінім түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 32 мыңға жетті. Нәтижесінде 450 адам резервке қабылданып, олардың 78,4 пайызы мемлекеттік басқару жүйесіне жұмысқа орналасты. 2024 жылы өңірлік кадр резервтері де құрылып, 556 адам іріктелді. Олардың жартысынан астамы жұмысқа орналасты, - делінген «ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі» мемлекеттік мекемесінің ресми жауабында.
Идеядан іске: жастар бизнесінің жаңа мүмкіндіктері
Жастардың жаңа бағыттарға қызығушылығы жоғары. Тың идеясын іске асырып, өз кәсібін ашқан жас кәсіпкерлер аз емес. Олардың бір бөлігі тек өз табысын арттырып қана қоймай, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 35 жасқа дейінгі 735 835 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның 94,8 пайызы жұмыс істеп тұр. Бұл дерек жастардың жеке кәсіпке ден қойғанын көрсетеді.
Жас кәсіпкерлердің басым бөлігі ірі мегаполистер мен оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Ал олардың таңдаған бағыттарын ресми ақпаратқа сүйеніп көрсетейік.
- көтерме және бөлшек сауда (41,8%, 307 742 субъект)
- қызмет көрсету (18,6%, 136 719 субъект)
- өңдеу өнеркәсібі (6,1%, 44 638 субъект)
- ауыл шаруашылығы (4,1%, 30 270 субъект)
- құрылыс (3,4%, 25 304 субъект).
Жастардың кәсіп бастауына мемлекеттік қолдау тетіктері де ықпал етіп отыр. Ерекше идеясы бар азаматтарға гранттар қарастырылған.
- 2021–2025 жылдары жастар кәсіпкерлігін қолдауға 1 трлн теңгеден астам несие бағытталған. Оның ішінде 13 мыңнан астам жобаға 725 млрд теңге субсидиялау тетігі арқылы, ал 19 мыңға жуық жобаға 326 млрд теңге кепілдік беру құралы арқылы берілген. Қолдау негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, сондай-ақ сауда салаларына көрсетілген, - деп мәлімдейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
2021–2024 жылдары осы қолдауға ие болған кәсіпкерлер 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашқан. Осыдан-ақ жастардың жаңа идеяны іске асырып ел экономикасына үлес қосып отырғанын аңғаруға болады.
Жастардың жаңа бет-бейнесі: азаматтық белсенділік
Жастар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Мұны күнделікті жаңалықтардан ғана емес, әлеуметтік желідегі жазбалардан да аңғаруға болады. Қоғамдық іске атсалысып, қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге дайын жастардың қатары артып келеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, бүгінде 220 мыңнан астам жас тұрақты түрде волонтерлікпен айналысады. Ал 2020 жылы олардың саны 50 мыңға жетер-жетпес еді. Қазір елде 800-ден астам волонтерлік ұйым бар. Ал алты жыл бұрын мұндай ұйымдардың саны 200-ге ғана жуық еді.
– Волонтерлік бағыттағы бастамашыл топтардың саны соңғы бес жылда он есеге өсті. 2020 жылы олардың саны 350 болса, 2025 жылы 3 500-ге жетті. Волонтерлік қозғалыс аға буын арасында да қарқын алды. 2025 жылы «Күміс волонтерлер» қатары 6 мың адамға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда сегіз есе артты, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Қазір елде 19 республикалық жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді. Олар жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және азаматтық бастамаларын қолдауға үлес қосып келеді.
– Бүгінде жастарымыз өте белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу. Қазір «Жастар рухы» қатарында 100 мыңға жуық белсенді бар. «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», волонтерлік сияқты қоғамдық бастамаларға жастар белсенді атсалысып келеді. Қазіргі жас буын көш бастап, қоғамға пайдасын тигізуге әрдайым дайын. Сонымен қатар саяси мәселелерге де бейжай қарамай, өз пікірін ашық білдіреді, - дейді «Жастар Рухы» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арсланбек Мағзұм.
Қазақстан жастары: жаңа дәуірдің жаңа буыны
Қорыта келгенде, бұл — жастар өмірінің біз қамтыған бірнеше ғана саласы. Тіл үйреніп, цифрлық технологияны меңгеріп, жасанды интеллектіні игеріп жүрген буынның қарасы қалың. Білімін жаңа жобалар мен стартаптарға арқау етіп, тың бастамаларға жол ашып жүрген жастар да көп.
Спорттағы жетістіктері де көптің назарында. Жас спортшылардың жеңісі мен жетістігі БАҚ беттерінде күн сайын жарияланып келеді. Олардың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы да артқан. Мәселен, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын маңызды санайтын жастардың үлесі 22,1 пайыздан 30,9 пайызға жеткен.
Жастардың әр саладағы жетістігін тізе берсек, бір мақалаға сыймасы анық. Әлемдік компанияларда тәжірибе жинап жүргендер де, ғылым мен технологияда жаңа ізденістерге бет бұрғандар да бар. Әрқайсысының жолы — өз алдына бір әңгіме.
Ең бастысы, Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толған Қазақстанның жастары уақыт талабына сай қалыптасып жатыр. Білімге ұмтылған, белсенді, жаңа мүмкіндіктерге ашық буын өсіп келеді. Оларды Еуропа елдерімен немесе АҚШ-пен салыстырудың қажеті жоқ. Әр мемлекеттің даму жолы мен мүмкіндігі әртүрлі. Маңыздысы — өз жетістігімізді бағалап, Қазақстан жастарының ел болашағына қосып отырған үлесін көру.