«Бөкей ханға бір атау бұйырмай ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 тамыз, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұ­мыс сапары аясында Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты қазақ-қырғыз шекарасы учаскелеріндегі кедендік бақылауды алу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсім басталмас бұрын Президенттер Ыстықкөл жағасындағы мәдени орталық - «Рух-Ордода» екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында екі мемлекеттің көшбасшылары еуразиялық ықпалдастық мәсе­ле­лерін және Қырғызстанның Еура­зиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты өзара іс-қимылдың, сондай-ақ, оған ЕАЭО аясында қолдау көрсетудің жаңа жағдайларын талқылады. Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастың ахуалы мен оның инвес­тиция, өнеркәсіп, жол құры­лысы, туризм және басқа сала­лар­дағы перспективалары қарастырылды. Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қарым-қатынасы әр­дайым жоғары деңгейде екенін, Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асатын тауар айналымын одан әрі жандандыра түсуге жағдай туғызатынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, кедендік шекараларды ашу екіжақты экономикалық қатынастарға оң ықпал етіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік мәселелері және халық­­аралық күн тәртібіндегі өзекті жайт­тар жөнінде де пікір алмасты. Мем­лекет басшысы Қырғыз­стан Ал­мазбек Атамбаевтың басшы­лы­­ғы­­­мен орнықты даму қарқынын көр­­­се­тіп отырғ­анына назар аудар­ды.­ Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақ-қырғыз шекарасындағы кедендік бақылау алынды» атты мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Сирек сурет» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Көзі тірісінде қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі ретінде мойындалған Әбілхан Қастеевтің талантына бас имейтін жан кемде-кем. Ол Мәскеу қаласындағы Крупская атындағы көркемсурет студиясын­да оқып, Н.Хлудов, И.Бродский секілді білім­паздардан дәріс алған. Осылайша табиғи дарынын теориялық жағынан толықтырып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын терең меңгеріп шыққан. Кескіндеме, графика жанрлары бойынша бір мыңнан астам көркем дүниелер қалдырып, өзіндік қолтаңбасымен дараланған. Оның Мемлекеттік өнер мұражайының алтын қорында сақтаулы Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымов секілді қазақ халқының біртуар ұлдары жайлы полотнолары шедеврлер галереясына қосылады. Осылардың арасында жүз жасаған Жамбыл: «Менің пірім - Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», деп қанатты сөз арнаған, Мұхтар Әуезов: «Жетісу ақындарының алтын діңгегі», деп бағалаған, елдікті, ерлікті, бірлікті жырлап өткен атақты ақын Сүйінбай Аронұлының халықтық болмысын түпнұсқаға ұқсастырып бүгінгі шындықпен бедерлеуі әйгілі суретшінің эпикалық қарым-қабілетін айғақтаса керек. «Енді негізгі әңгімеге оралайық. Бізді қызық­тырғаны осы портреттің Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында сақталуы болды. Оның келу «тарихын» мекеменің қызметкері Жібек Жүзенова айтып берді»,-деп жазады мақала авторы. . Ж.Жүзенованың айтуына қарағанда, кеңес өкіметі тұсында облыстық бейнелеу өнері мұражайларының қорын Алматы мен Мәскеу қалаларының Суретшілер одағы жасақтап отырған. Сол кезде жергілікті мұражай Қазақ­стан­ның ғана емес, өзге елдердің де белгілі суретшілерінің туындыларымен толыққан. Бұл дәстүр еліміз егемендік алғанға дейін жалғасқан. «Сүйінбай» портреті және жоғарыда аты аталған картиналарды Петропавл қаласына өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақ КСР Сурет­шілер одағы және көркемөнер көрмелері басшылығы амалсыздан жіберген. Қаржының жетіспеушілігінен осындай қадамға барып, жер-жерлерге таратқан. ***

Алматыда Молдияр Серікбайұлы деген ақсақал тұрады. Өзі геолог, өзі өлкетанушы. Жасы жетпістен асса да, тыным таппайды. Ұлттың, жердің қамы ғой. Сол Молдияр атамыз еліміздегі бірқатар жер-су аттарының өзгеруіне себепші болды. Ақтөбедегі Октябрьскаяның Қандыағаш, Қостанайдағы Комсомольскаяның Қарабалық, Қарағандыдағы Ульяновскінің Бұқар жырау, Талдықорғандағы Калпаковскийдің Тоқжайлау, Андреевканың Қабанбай, Шымкенттегі Фогелевканың Рабат, Ванновканың Тұрар Рысқұлов, Вознесеновканың Тастұмсық болып өзгеруіне осы кісінің еңбегі сіңді. Комиссия мүшесі бола жүріп, еліміздегі орысша атаулардың біразын қазақшалаған болатын.

«Өткен жылы осы Молдияр Се­рікбайұлы Атырау облысы Тіл­дер­ді дамыту жөніндегі басқармасына Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин ауылының атауын өз­гертуге байланысты хат жолдады. Аудан орталығының атауын Бөкей хан немесе Әбілқайыр хан деп атау жөнінде ұсыныс білдірді. Алайда, аудан басшылары ақсақалдың бе­тін қайтарып тастады. Атырау об­лысы Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахман Мұса жауап хат жазып жіберіпті», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Бөкей ханға бір атау бұйырмай ма?» атты мақаласында.

«...Ганюшкин ауылының атауын өзгерту мақсатында «Бәй­терек», «Арна», «Жетіарал», «Бө­кей хан», «Әбілқайыр хан», «Өлең­ді» атаулары аудан тұрғындарына ұсынылып, аумақ халқының пікі­рін ескерту мақсатында жина­лыс­тар өтті. Тұрғындар бұл атауларды құптамай, «Ганюшкин» атауын өз­гертпей қалдыруына ұсыныс жа­са­лып, күні бүгін шешімін таппай отырғанын қаперіңізге беремін» делінген хатта. Осындай да жауап­сыз хат болады екен? «Ганюшкин» атауын қызғыштай қорғап отырған қай тұрғын өзі? Ганюшкиннің атауын өзгерту туралы қаншама ел зиялылары мақала жазды. Солар­дың бірінің де пікірін ескермеген бе? Әлде олар аудан тұрғындары қатарына жатпай ма?

Осы басылымда «39 «Алтын белгі» иесі грантқа ілікпеді» деген материал жарияланды. Биылғы жылы 39 «Алтын белгі» иесі мемлекеттік грантқа түсе алмады. Бұл туралы баспасөз мәжілісінде Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова мәлімдеді. - «Алтын белгі» иегері атан­ған 39 бала биылғы жылы грант­қа түсе алмады. Оның се­бебі, көбіне бәсекелестік жо­ғары мамандықтарды таңдайды. Мәселен, экономика, құқық, медицина, халықаралық және шет тілдері мамандықтары. Сондықтан мемлекеттік грантқа ие бола алмады, - дейді Г. Көбенова.

Департамент директоры орынбасарының айтуын­ша, мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлерге басқаша да мүмкіндік қарас­тырылған. - Қазіргі кезде жоғары оқу орындарының басшыларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әрине, жыл сайын бұл мәселе кезігеді. Алдағы уақытта ше­ші­мін табады деп үміттенемін. Мәселен, университет рек­торы­ның гранты бар. Соған ие болуға болады. Одан бөлек жұ­мыс берушілердің де гранттары болады. Осы мәселе бойынша талапкер, жоғары оқу орны және жұмыс беруші ара­сында үш жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр, - дейді ол. Айта кетейік, биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойын­ша бакалавриатқа 32 168 грант бөлінген. Бұрынғыдай биыл да мемлекеттік гранттардың ба­сым көпшілігі техникалық ма­мандықтарға берілеген Тех­никалық мамандықтардың үлесі - 42,4 пайыз.