ОРАЛ. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккендерге Бөкей ордасы ауданы да қолұшын берді.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, мекеме-ұйымдар қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударса, жекелеген кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары қолдағы барын жөнелтті. Мәселен, Т.Масин ауылдық округіндегі «Сисенғалиев» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сисенғалиев зардап шеккендер паналаған Оралдағы №26 орта мектепке 20 мың теңгеден астамға балалар тағамын шұғыл жеткізіп берді. Сондай-ақ М-С.Бабажанов, Жәңгір хан, М.Мәметова, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептер, аудандық демалыс орталығы, №18 кәсіптік лицей, «Бөкей ордасы су құбыры» еншілес кәсіпорны, аудандық орталықтандырылған кітапхана, Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені, Орда орман шаруашылығы, аудан әкімі аппараты, аудандық аумақтық инспекция және басқа ұйымдар белсенділік танытты. Осылайша бірлесе іс-қимыл таныту нәтижесінде қаржылай көмектің өзі 1 млн. теңгеден асты.
Қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).