БОКС: батысқазақстандықтар халықаралық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында бокстан Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирде батысқазақстандықтар да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағанындай, аталмыш додаға Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен 113 боксшы қатысты. Батыс Қазақстаннан барған Алмасбек Орынғалиев 69 келі салмақта күміс, Тайман Оразбаев 60 келі салмақта қола жүлдені иеленді.

Осының алдында Ақтау қаласында бокстан Қазақстанның тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған тағы бір халықаралық турнир өткен болатын. Молдавия, Әзірбайжан, Украина, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің боксшылары шаршы алаңға шыққан бәсекеде батысқазақстандық Сәкен Садықов 56 келі салмақта қола жүлдені олжалады.