- Нұртай Салихұлы, бокстан еліміздің басты додасы Астанада болып өтті. Биылғы Қазақстан біріншілігінен қандай әсер алдыңыз?
- Жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. 4-5 күн болды «Дәулет» спорт кешеніне келіп, жанкүйер болдық. Боксшыларымыз жақсы дайындықпен келгені байқалып тұр. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының былғары қолғап шеберлері бұл жарысқа өте жоғары дайындықпен келгенін дәлелдеп берді. 4 алтын, 2 күміс, бір қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте шығысқазақстандықтар бірінші орынды жеңіп алды.
Атап айтар болсам, Шығыс Қазақстаннан сайысқа түскендердің ішінде әлі тәжірибесі өте мол болмағанмен, жеңіске жігері бар, жүрегі бар жігіттер шаршы алаңда қарсыластарын жеңіп, биік тұғырға көтерілді. Олардың қатарында 19 жасар Айдар Әмірзақов спорт шеберлігіне үміткер болса да, небір танымал спортшыларды жолдан тайдырып, 60 килә салмақта жеңімпаз атанды. Финалдық кездесуінде қостанайлық Самат Бәшеновты 10:1 есебімен айқын жеңгенінде барлық жанкүйер Айдарға қол соғып, қошемет көрсетіп, келешегіне үлкен үміт артты. Сонымен қатар 51 киләда спорт шеберлігіне үміткер, семейлік 20 жасар Мирас Жақыпов та қайсар мінез, шебер өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын жеңіп, 2010 жылғы ел чемпионы атанды. 69 киләда сынға түскен Манат Өмірзақов та спорт шеберлігіне үміткер болғанына қарамастан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аса тәжірибелі қызылордалық Рүстем Сыбаевты жеңіп, бас жүлдеге ие болды.
Осы ел біріншілігінде Шығыс өңірінен келген спортшылардың ішінде 64 килә салмақ бойынша қатысқан Әділет Егізеков өте жақсы өнер көрсетті, жарыс қорытындысында күміс жүлдеге ие болды. Сол секілді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі боксшы, 26 жасар Миржан Рақымжанов та өз шеберлігін танытып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген жігіттің бірі. Ол соңғы кездесуіне дейін барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келді. Тек финалда астаналық Данияр Төлегеновке есе жіберіп алды. Дегенмен ел біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болды.
Астаналық Ілияс Сүлейменов (48 кг) пен Данияр Елеусінов (64 кг) жақсы өнер көрсетті. Шығыс өңірінен шыққан 25 жасар, тәжірибелі боксшы Данабек Сужанов 75 килә салмақ бойынша еліміздегі үздік боксшы екенін тағы да дәлелдеп, Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы атанды.
Жанкүйерлерді сүйсінтерлік өнер көрсеткен ақмолалық Жандос Момынов пен Нұрдәулет Жармановты, қарағандылық Алмат Серімовты, қостанайлық Жан Кособуцкийді айта кету керек.
- Жарыс барысында назарыңызға іліккен кемшіліктер болды ма?
- Кейбір кездесулерде боксшылардың соққысы есептелмей қалған сәттерін байқадық. Қарсыласын қайта-қайта құшақтап, уақыт созып жүрген спортшыға ескерту берілуі тиіс. Кейде осы жағы ескерусіз қалып жатты. Мысалы, жартылай финалда ауыр салмақтағы Рүстем Іргебаев пен Иван Дычко кездесуі 3:4 нәтижесімен аяқталды. Жеңіс И.Дычкоға берілді. Алайда, Дычко екінші және үшінші раунд бойы Іргебаевты ұстаумен жүрді. Оған төреші ескерту жасап, ұпайын кемітуі керек еді. Бірақ олай болған жоқ. Және де Р.Іргебаевтың екі-үш соққысы есепке алынбаған кезде жанкүйерлер шу көтерді. Осы салмақтағы жақсы өнер көрсеткен Руслан Мырсатаев та қазылар алқасы тарапынан дұрыс бағасын алған жоқ. Осындай кемшіліктер орын алды. Болашақта мұндай олқылықтарға жол берілмейді деп ойлаймын.
Өйткені бұл жерде біздер жершілдікке, туысқандыққа тартып, жүлде бермеуіміз керек. Немесе боксшының атақ-даңқына қарамай, кім мықты болса, соның әділ жеңіске жетуіне кедергі келтірмеуіміз абзал. Қазақстан боксшылары ертеңгі күні әлемдік деңгейде қалай өнер көрсете алады? Елдің намысын қорғауға кім лайықты? Осы тұрғыда бағалауымыз керек.
- Шеберлігін шыңдай түскен танымал боксшылардың өнер көрсетуіне қарап, сондай-ақ қанаты жетіліп келе жатқан жастарға сүйсіне отырып, қандай ой түйдіңіз?
- Бокс бүгінгі таңда қазақ спортының бетке ұстар түріне айналып отыр. Бәріміз жанкүйер ретінде қолдау көрсетіп, ел ішінен ту ұстайтын жігіттердің өсіп-жетілуіне қолдау жасауымыз қажет. Біз бокс өнерін өрге бастырып, әлемдік, халықаралық жарыстарда жеңіп шығып, Әнұранымызды шырқатып жүрген спортшыларымызға әрдайым тілеулеспіз. Осы жарыстың басты ерекшелігі дарынды жастар өсіп келе жатқанын көрсетті.
Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, оның сыртында белгілі бір спорт түрімен айналысып, ел намысын қорғап жүруі үлкен азаматтық іс деп білемін. Осындай азаматтардың Отанға, халқына деген сүйіспеншілігін жастарға тәрбие ретінде ұсынуымыз қажет. Патриоттық тәрбие Отанға, халыққа қызмет істесем деген ізгі ниеттен, нақты қадамнан бастау алады.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев бастаған ұжымның атқарып отырған қызметі жоғары дәрежеде деп айтуға болады. Ел біріншілігі жақсы ұйымдастырылды. Соңғы жылдары боксшыларға нақты қамқорлық жасалып, спортпен айналысуына толық мүмкіндік берілген. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұрын бокс федерациясының облыстардағы филиалдары өз деңгейінде жұмыс істей алмаушы еді. Осы кемшілік қазір жойылған. Өңірлерде бокс саласына қажетті қаржы және ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру жолға қойылған.
Бүгін жарқылдап рингке шығып, ел ықыласына бөленген боксшыларымыз 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Қазақ елін әлемге танытады деген сеніміміз бар. Осы орайда бәріміз де спортшыларымыздың бабында болып, жеңіске жетуіне барлық жағдайды жасауымыз керек.
- Рахмет!