НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан қазақстандық бес боксшының төртеуі ақтық сынға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Бұдан бұрын жартылай финалға жігіттер арасында қазақстандық бес боксшы шыққанын хабарлаған едік.
Әлем чемпионатында 49 келіде сынға түсіп жатқан Санжар Ташкенбай үндістандық Бишвамитр Чонгтамның осал тұсын тапты. Одан кейін 56 келіде Ерболат Сабыр ресейлік Алексей Шендрикті қапы қалдырды.
Сондай-ақ, 60 келідегі Елнұр Сүйінбай колумбиялық Джон Элина Оробио Синиестрді жеңсе, Сабыржан Аққалықов (64 келі) Анкит Нарвалдан басым түсті.
Ал Диас Молжігітов (75 келі) ресейлік Михаил Усовқа есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Нәтижесінде енді қазақстандық төрт боксшы финалда бақ сынайды. Финал 22-23 сәуір күндеріне белгіленген.
Бұдан бұрын қазақстандық екі бойжеткен финалға шыққанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.