НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар қатысқан бірқатар жекпе-жек нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Елорда уақытымен 18.00-де күндізгі сессия басталған болатын. Онда қазақстандық төрт былғары қолғап шебері шаршы алаңда бәсекеге түсті. Үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде қарсыласына есе жіберіп қойды.
Қыздар арасында 57 келіде сынға түскен Назерке Серік 1/4 финалда үндістандық қарсыласына есе жіберіп қойды. Осылайша жарыс жолынан шығып қалды.
Келесі кезекте қазақстандық Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) украиналық Виктория Левчукті айқын басымдықпен жеңді. Осылайша 1/2 финалына жолдама алды.
Тағы бір боксшымыз Елнұр Сүйінбай 60 келіде қарсыласын бірінші раундта нокдаунға жіберді. Есеңгіреп қалған словак бокшысы Адольф Станек жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Бүгін кешкі сессияда тағы қазақстандық үш боксшы шаршы алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетелік, жастар арасындағы әлем чемпионатына еліміз атынан 20 боксшы аттанған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.