АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Әлем чемпионы Галиб Джафаров Бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде тәрбиеленіп, 2003 жылы Тайландта өткен бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы болған Галиб Джафаров өскен өлкесіне қайта оралды. Ол енді Ақтөбедегі Бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры қызметін атқарады.
«Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жаңа басшыны спорт мектептің ұжымына таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Тағайындау барысында Галиб Джафаров өзіне артылған жауапкершілікті сезінетінін және жүктелген міндеттерді орындайтынын айтып, басқарма басшынының сенімділігіне ризашылығын білдірді. Ол боксты дамытуға өз үлесін қосуға уәде берді»,- деп хабарлады облыстық спорттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Галиб Джафаров бұған дейін Батыс Қазақстан облысыныңОлимпиада резервтерін даярлау орталығының директоры қызметін атқарған-ды.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.