Осыған байланысты еліміз үшін кадрлар даярлау жүйесіндегі «Болашақ» президенттік бағдарламасының стратегиялық ролінің арттыру туралы мәселе өзекті бола түсуде.
ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов біздің тілшімізге берген сұхбатында заманның жаңа талаптарынн ескере отырып, «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін қалай пайдалану жоспарланып отырғандығы туралы айтып берді.
- Бақытжан Тұрсынұлы! «Болашақ» бағдарламасының негізгі бағыттары қандай болады?
- Бірінші кезекте басым мамандықтардың тізімі өзгертілетін болады. Бұл тізімді түрлендіру бұрын да жүргізілгенін айта кету керек. Осы мәселенің мәнісіне тоқталатын болсақ, «болашақтықтардың» басым көпшілігі бастапқыда әлеуметтік-саяси, экономика және заң мамандықтары бойынша білім алды, бұл жүйелі реформалардың арқасында ақталды. Одан кейін техникалық және медициналық мамандықтар, мемлекеттік басқару мамандығы бойынша бағдарламалар кеңейтілді.
Әртүрлі мамандықтар бойынша түлектер қызметінің сұраныс деңгейін ескеретін болсақ, бұндай түрлендіру қазіргі таңда да қажет болып отыр. Қалыптасқан жағдай сараптамасы бұл жерде белгілі проблемалардың барын көрсетеді. Мысалға, «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша өткен жылдары 386 түлек білім алып шықса, олардың 98-і ғана мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет істеп жүр. Бұл бір ғана мысал емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, мақсатты дайындық жеткіліксіз жүргізілген, басқа мамандықтарға деген сұранысқа қанағаттанушылық деңгейі төмендеп отыр.
«Болашақ» бағдаламасы түлектерін іріктеудің, оқытудың және жұмысқа орналастырудың жаңа, нақты және мақсатты жүйесін қалыптастыру қажет. Ғылым мен экономиканың негізгі салалары үшін шетелде білікті мамандарды дайындаудың арнайы мақсатты бағдарламасы жұмыс істейтін Сингапурды үлгі етіп алуға болады. Бұл үшін ең алдымен, ең білікті мамандарға сусап отырған басым салалар жүйесін анықтап алу қажет.
- Сіздің ойыңызша, қандай салаларға басымдық берілуі тиіс?
- Сөз жоқ, ғылым, ағарту және инновациябасым бағытты салалардың қатарына жатқызылуы тиіс. Сараптамаға жүгінсек, өткен 17 жыл ішінде бағдарлама бойынша 2 788 түлек маман атанды. Олардың 55 пайызы жеке секторда, 23 пайызы ұлттық компанияларда және мемлекеттің қатысуындағы компанияларда еңбек етіп жүр. Түлектердің 9 пайызы ғана мемлекеттік қызметке, 10 пайызы мемлекеттік мекемелерге жұмысқа барған. Ал ғылым мен білім саласына санаулы ғана маман қосылған. Сондықтан да бұл жағдайды өзгерту қажет.
- Ең алдымен қандай ЖОО-лар мен мекемелерге жаңа кадрларды жіберу қажет?
- Қазақстанның білім беру жүйесіндегі негізгі буын -«Назарбаев Университеті» жаңа мамандарға зәру болып отыр. Бұл білім ордасының ғылымның, білімнің және инновацияның бірегей қосындысы ретінде құрылғаны мәлім. Қазір Мәжілісте «Ғылым туралы» жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжат бойынша аталмыш саланы басқарудың принципті жаңа жүйесі бекітілген, ғалымдардың ролі күшейтілген, зерттеу университтерінің ұғымы енгізіліп отыр. Біз «Назарбаев Университеті» үшін Қазақстанның жаңа ғылымының ядросына айналатын мамандарды дайындауға тиістіміз.
Бейнелеп айтатын болсақ, біздің ғылымға жаңа Ломоносовтар мен Сәтбаевтар келуі тиіс. Әрине, бұл үшін бұрынғыға қарағанда ынталандыру мен мүмкіндіктердің мүлдем жаңа деңгейі қажет.
- «Болашақ» бағдарламасына тағы қандай өзгерістер енгізу керек?
- Еліміздің аумағы бойынша бағдарлама түлектерін бөлудегі аймақтық үйлеспеушілікті жою қажет. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 85 пайызы Алматы және Астана қалаларында жұмыс істейді, тек 15 пайызы ғана аймақтарда тер төгіп жүр, ал индустриялдық даму бойынша негізгі салмақ пен жауапкершілік аймақтарға жүктелген емес пе.
Сонымен қатар дайындық деңгейлері бойынша бағдарламаға қатысушылар құрамын өзгерту маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Алғашқы кезде «Болашақ» бағдарламасы студенттерінің басым бөлігі бакалавриат бойынша білім алды, сол кезде біздің жоғары мектебіміз жаңа жүйелерге ауыса бастаған. Ал қазір жағдай басқаша.
Жақында ғана «Назарбаев Университетінде» оқыған өз дәрісінде Мемлекет басшысы ғылыми кадрларды дайындауды принципті жаңа негізде ұйымдастырып, теориялық дайындықты тәжірибемен, зерттеумен біріктіру қажеттігін атап көрсетті. Яғни магистрлар мен PhD докторларын дайындауға айрықша көңіл бөлу керек, ол үшін еліміздегі университтердің ең үздік түлектерін шетелдерге оқуға жіберу қажет. Бұл ең алдымен түлектерді тиімді іріктеуде және дайындауда оң нәтижелер береді. Кешегі оқушылар арасынан стипендиаттарды іріктеп алу бір бөлек, ал келешектегі мамандықтары бойынша білім алып шыққан бакалаврлар арасынан мамандарды іріктеп алу мүлдем басқа шаруа. Бұны дұрыс жолға қоя білсек, соңғы нәтиже де жақсы болады.
Содан соң мемлекеттік басқару органдары, жұмыс берушілер және «Болашақ» бағдарламасының түлектері арасындағы үшжақты өзара іс-қимылдың мүлдем жаңа деңгейіне шығу керек. Кадарларға зәрулікті нақты біле отырып әрі бірлесе отырып степиандаттардың мақсатты командасын таңдай аламыз. Оқуларын бітіргесін олар нақты бір жұмыс орындарына келеді. Бұл қуатты синергетикалық әсер береді және мамандар сұранысының көптеген мәселелерін шешеді.
Жалпы алғанда менің ойымша, мамандықтардың бүкіл спектрі бойынша нақты сұранысты және еңбекпен қамтуды анықтаудың айқын тетігін құру қажет. Біздің министрлік бұл бағыттағы жұмысты бастап та кетті, жұмыс берушілермен арадағы байланыс орнап келеді. Елдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындар «Болашақ» бағдарламасы үшін мамандар таңдаудағы айқындаушы күш болуы керек және мамандардың жұмыспен қамтылуының кепіліне айналуы тиіс.
- Қайта даярланған түлектердің жұмысқа орналасуына «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы қатысады ма?
- Иә, Қауымдастық осы бағытта ауқымды істерді қолға алуда. Себебі қауымдастықтың құрамында әртүрі ұйымдарда жетекші қызметтерді атқаратын көптеген мамандар бар. Халықаралық бағдарламалар орталығы да осындай механизмнің қалыптасуында айтарлықтай үлес қосуы тиіс. Мектептер деңгейінде талантты жастарды іріктеу жүйелі негізде жүргізілуде, бұл бағытта «Дарын» бағдарламасы қызмет істейді, «Назарбаевтың зияткерлік мектептері» де өз жұмысын бастады. ЖОО-лар деңгейінде осындай механизм әлі жоқ, Халықаралық бағдарламалар орталығы осы жұмысты өз мойнына алса игі болар еді. Ал өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі Орталық болашақта DAAD, JICA, КОІСА сынды халықаралық білім беру орталықтарының деңгейіне көтерілу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын болады.
- «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне айтар тілегіңіз?
-Әрине, шетелде тамаша білім алған түлектердің әрқайсысы елдің зиялы тобының қатарына қосылғысы келеді. Президент Н.Назарбаевтың өзі «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің өршіл ұмтылыстарына қолдау білдіріп келеді. Алайда кәсіпқойлық тәжірибе арқылы келетінін ұмытпау керек. Сұранысқа ие және білікті басқарушы болу үшін біртіндеп барлық кадрлық баспалдақтардан өту қажет.
Мемлекет бұндай жастарға әлемнің ең үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік туғызды, және олар да өздеріне жүктелген сенімді ақтаулары тиіс, дәл осылай болатынына мен кәміл сенемін.
-Әңгімеңізге рахмет!