- Мектептегі кезімнен-ақ мен компьютерлік технологияларға, бағдарламалауға қызыға бастадым, олимпиадаларға қатыстым. Сондықтан мектепті бітірген соң көп ойланбай, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мамандығына құжатымды тапсырдым. Оқуымды бітіріп, инженерлік-жүйе технигі маманының дипломын алдым. 2005 жылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарымды өткіздім. Іріктеу барысында әртүрлі тесттер мен емтихандарды тапсырып, жеке тілдесуден сүрінбей өттім. «Болашаққа» талпына жүріп Астана қаласындағы түрлі компанияларда бағдарламашы қызметін атқардым. Бұған қоса ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша білім алу үшін бірнеше ұлыбритандық жоғары оқу орындарына құжаттарымды жібердім. 2006 жылдың қыркүйек айында Президенттік стипендия бойынша оқуға түсіп, University of Surrey оқу орнына атандым. Аталмыш университетте интернет-жүйесін жасау ғылымының магистр деңгейін алдым. 2007 жылдың қазан айында елге оралып, «Самғау» Ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» АҚ-ында жұмыс істедім. Ал 2008 жылдың тамыз айынан бастап «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның ақпараттық технологиялар жөніндегі менеджері қызметін атқарып келемін.
- «Болашақ» бағдарламасы Сізге не берді?
- Ең алдымен, осы бағдарлама бойынша оқу маған ақпараттық технологиялар саласында жаңа білім жинақтауға жәрдемдесті. Мен білім берудегі жаңа тәсілдерді, жаңа технологиялар мен жолдарын көрдім. Сонымен бірге, бұрын-соңды болмаған елдерді аралап, жаңа мәдениеттермен, адамдармен танысып, достарымның қатарын көбейттім.
- Батыс пен отандық білім беру жүйесінің ерекшелігі қандай?
- Әрине, екі елдің білім беру жүйесі жер мен көктей. Мәселен, батыста студенттердің өздігінен оқуына баса назар аударылады. Сондай-ақ, жұмыстардың «қолжазба» түрінде қорғалуына мән беріледі. Ал біздің отандық жоғары оқу орындарында студенттердің шешендік қасиеті бағаланады. Әрине, бұл менің ойым ғана.
- Шетелде білім алған адам ретінде Қазақстанның болашағын қалай көресіз?
- Мен елге оралып жатқан «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің саны жылдан жылға көбейіп жатқандығын байқадым. Олардың барлығының жаңа идеялары, көздеген мақсаттары бар, айтар ойы мен пікірлері өзекті. Қазақстан бүгінде экономиканың әртүрлі салаларын, оның ішінде ақпараттық технологияларды белсенді дамытып келеді. Мен өз кезегімде, еліміздің ақпараттандырылуына, бұрын-соңды тек қол еңбегі пайдаланылған жерлерде адамдардың жұмысын автоматтандыруға үлесімді қосқым келеді. Осындай жобалардың бірі «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның «Қағазсыз ауруханалар» құру жөніндегі жобасы болып табылады.
- Шетелде алған біліміңіздің жұмысыңызға қандай пайдасы тиіп отыр?
- Біріншіден, менің жұмысым негізінен ағылшын тілінде жүзеге асады. Біз шетелдік серіктестерімізбен хат-хабар алысып, әртүрлі кездесулер өткіземіз. Бұған дейін Қазақстанда медицина мен ақпараттық технологиялардың ортақ дүниесі болмайтын. Ал енді «Қағазсыз ауруханалар» жобасы аясында Ұлттық холдингтің емханаларында ақпараттық жүйелер кешені енгізіледі. Олар емханаларда қағазды пайдалануды азайтуға көмектеседі, медицина қызметкерлерінің жұмысын автоматтандырып, жеңілдетеді.