Болашақ мүддесі: Қашан қазақ баласы сапалы оқулыққа қол жеткізеді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде көптеген ата-аналар мектеп оқулықтарының қателіктерін айтып шағымдануда. Әсіресе бұл наразылық ҰБТ кезінде тіпті өрши түседі. Оқулықтарда кетіп жатқан орфографиялық, пунктуациялық қателерді айтпағанда, грамматикалық қателер мен хронологиялық қателер өріп жүр. Көбінесе шағым қазақ тілді оқулықтарға түсіп жататыны да жасырын емес.

Тізбектеп айтар болсақ, алдымен оқулықтарда балалардың жас ерекшелігі мүлде ескерілмейді. Бастауыш сынып оқулықтарында күрделі тапсырмалар жетерлік. Тағы бір жиі кездесетін жайт, оқулықтардың орыс тілінен тікелей аударылуына байланысты болып отыр. Аударылған сөйлемдер күрделі болып келеді немесе мағынасы жағынан дұрыс аударылмайды. Бұндай аудармалар кезінде терминдерде де бірізділік сақталмайды. Сондай-ақ, соңғы жиырма жылда мектеп оқушылары әр түрлі баспа мен әр түрлі авторлар жазған оқулықтарды пайдаланып келеді. Бірі «Атамұра» баспасының оқулықтарымен оқыса, екіншісі «Алматы кітап», үшіншісі «Ана тілі», т.с.с. Көптеген оқулықтар баспаға қалай келді, сол күйі басылып кете береді. Себебі жоспарды уақытында орындау керек, ал әр кітапты саралап, қатесін тексеріп, авторға өңдеп, толықтыруға қайтарып беріп отыру үшін, әрине, уақыт кетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, оқулық саласында еңбек етіп жүрген профессор, ғалымдарға хабарласып, пікірлерін тыңдап көрдік. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманкелді Шамғоновтың айтуына қарағанда, 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы қателіктерге толы. «Оқулықта «1836-1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті» деп жазылған. Бұл дұрыс емес. 1836-1838 жылдары Исатай, Махамбет көтерілісі болғаны рас. Бірақ Бөкей ордасымен бірге Кіші жүздің батыс өңірінде де болды. Бұл жерде тарихшылар, ғалымдар, кітаптың авторлары тек Бөкей ордасы деп негізсіз тарылтқан», - дейді А. Шамғонов. - Сондай-ақ «Қазақтың аса ұлы күйшісі, күй атасы Құрманғазы Сағырбаев 1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өтті» деген сөйлем бар. Ұлы күйшінің туған, қайтыс болған жылдары туралы мұндай қателік бұрын да болған. Кейбір зерттеушілер Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы туып, 1889 жылы қайтыс болған деген пікірін білдірген болатын. Астрахань қаласынан табылған мұрағат деректері негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрылған арнаулы сараптау комиссиясы «Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған» деген тоқтамға келген». Профессордың айтуы бойынша, бір ғана Махамбет Өтемісұлының туған жылы үш баспадан шыққан оқулықта үш түрлі жүр. «Шың» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулық-тест кітабында 1803/1804 жыл деп жүрсе, «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында 1804 деп, «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихында» 1803 деп жазылған.

«Оқулықтарда қате деген өте көп. Әсіресе осы Қазақстан тарихында, оның ішінде хронология саласы бойынша қателіктер жетіп артылады», - дейді Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, жоғарғы оқу орындарына арналған «Орта ғасырлар тарихы» оқулығының авторы Бақтылы Боранбаева «ҚазАқпараттың» эксклюзивті сауалына жауабында. Бақтылы Сансызбайқызының айтуынша, бұндай проблемалар баспалардың көптігіне байланысты туындап отыр. «Қазірде баспа көп, авторлардың жұмыстарын редакцияламай сол күйі шығара салатын баспалар да баршылық. Егер де баспалар мен зерттеу институттары, Ғылым академиясы арасында тығыз байланыс болса, бұл мәселені де бір жақты болып шешуге болады деп ойлаймын. Оқулық шығаруға жауапты мекемелер бір орталықтандырылғаны дұрыс», - деп есептейді Б. Боранбаева. Бұндай проблема тек мектеп оқулықтарында ғана кездеспейді, кәсіптік колледж бен жоғарғы оқу орындарында бұндай олқылықтар жетерлік. Оқулықты шығару барысында баспагерлер авторлармен қоян-қолтық жұмыс жасауы қажет. «Оқулықтарда кетіп жатқан қателерге тек баспаны кінәлау орынсыз. Бұған авторлар да тікелей жауапты. Біздің баспаға оқулықтар Республикалық оқу-әдістемелік орталықтан сараптаудан өткен соң ғана келеді. Әйтсе де ол оқулықтарда да қателер кездесіп жатады. Көбінесе қазақ тілді оқулықтардағы терминологияда бірізділік жоқ. Мысалы, «подшипникті» сөздікте - мойынтірек, әйгөлек, иіршік деп әр түрлі берген. Соны әр автор әр түрлі қолданады. Немесе кейбірі тікелей аударма болғандықтан, сөйлем мағынасы түсініксіз болып жатады. Кейбір оқулықтарда тіпті Кеңес одағы кезіндегі мәліметтер беріледі. Бұндай жағдайда оқулықтың редакторы автормен байланысып, өңдеуге жібереді. Оқулықта қате кетіп жатса, бұл әрине баспаның да, автордың да абыройына нұқсан келтіреді. Қатеге толы оқулықпен білім алып жүрген оқитын студенттер толыққанды білім ала алмайды. Сондықтан біз авторлармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз», - дейді «Фолиант» баспасының оқулықтар бөлімінің редакторы Айгүл Абдрахманова. Жоғарыда оқулықтағы проблемаларға қатысты екі жақтың да пікірін тыңдап көрдік. Бұл үшін тек авторды немесе баспаны кінәлаудан аулақпыз. Әйтсе де, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұндай күрделі де маңызды проблемаларды бірігіп шешсек, болашақ ұрпақ дұрыс білім алуына үлес қосар едік. Гүлден Оспанова