Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылғы желтоқсан айында Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлім еткен болатын.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Президент 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, одан қала берді оқулықтарды латын әліпбиімен басып, шығара бастауымыз керектігін айтқан. Ол үшін биылғы жылдың соңына дейін осы саладағы ғалымдар белсенді қоғам өкілдерімен бірлесіп, қазақ алфавитінің жаңа тұрпаттағы бірыңғай нұсқасын қабылдауы қажет.
Айта кетейік, сонау VI-VII ғасырлардан бастап, қазақ әліпбиі бірнеше тарихи кезеңдерден өтті. Ол сонау «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуынан бастап, 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң негізінде бүгінгі грек жазуы негізінде жасалған кириллица тұрпатына өзгертілді.
Өз мақаласында Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті.
Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр»,- деп жазады.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде алдағы екі жыл латын әліпбиіне көшуді ұйымдастыру, сонымен қатар әдістемелік жұмыстарды жүзеге асыруға арналмақ. Мемлекет үшін, оның ішінде әрбір азамат үшін өте маңызды Президенттің осынау бір бастамасын бүгінгі таңда ел ішінде ғана емес, сырт мемлекеттерде де түрлі маман иелері қызу талқылауда.
Мәселең, Ресейдің аймақтық проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев: «Бұл бастама ең алдымен қазақстандықтарға түркі тілдес елдермен мәдени байланысын жаңғыртуға мүмкіндік туғызады. Тілдің ұқсастығы мен шрифттің біркелкілігі арқасында мәтінді әрбір жазу танитын адам түсіне алатыны сөзсіз. Сондықтан түркі әлемі халықтарының қарым-қатынасы жақындай түседі», - деп ой білдірген.
Әрине толқу да, қорқыныш та бар. Әлбетте латын әліпбиін енгізу үшін бірінші сынып оқулықтарынан бастап, барлық оқу құралдарына өзгеріс енгізу қажет. Тіпті күнделікті басылымдардың өздері кириллицамен шығатын еді. Сондай-ақ, орыс тіліндегі басылымдар барын ұмытпау керек. Одан қалды тіптен күнделікті қолданысқа латын қарпін енгізу сияқты шаралар ауқымды республикалық деңгейдегі жұмысты қажет ететіндігін қазақ халқы жақсы ұғып, түсінсе де бұл бастама ел ішінде жылы қабылданды. Оны қазақстандықтар еліміздің дамуындағы келесі бір қадам ретінде қабылдады. Сондықтан болашақ үшін біз қалай болғанда да латын әліпбиіне көшуіміз керек.