Болашақ журналистер кәсіби этикамен таныстырылды - Павлодар

ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Николай Кузнецов/ - Павлодардағы Инновациялық Еуразиялық университеттің журналист-студенттеріне арнап өткізілген семинарға кәсіби этика мәселесі арқау болды,

деп   хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Сабақ     Еуропадағы қауіпсіздік   және ынтымақтастық    ұйымының  Астанадағы    Орталығының   қолдауымен   ұйымдастырылды.

Болашақ    журналистер  этика,   құқық  және   Қазақстандағы   бұқаралық ақпарат құралдарының  өз жұмыстарын  үйлестіру  мәселелерімен    таныстырылды.    «Medialife» қоғамдық қорының  президенті Ольга Волкова     болашақ   журналистердің   өз  кәсіби қызметтерінде   кездестіретін   проблемалар туралы,       бұқаралық ақпарат құралдарында   этиканы сақтаудың маңызы  мен    сотта     журналистердің  құқықтарының қорғалу  тәжірибесі   туралы әңгімелеп берді.

Көптеген  елдерде  бұқаралық ақпарат  құралдарының  өз  жұмыстарын үйлестіру   органдары      жұмыс істейді - 2008      жылы Қазақстанның 30-дан  астам     кәсіптік  және тәуелсіз басылымы    өз редакцияларында    этикалық нормаларды бекітті.  Бүгінде  Қарағандыда,  «Medialife»   қорының    жанында     еліміздегі    алғашқы Журналист  этикасы  жөніндегі    кеңес    құрылды.    Бұл кеңес   азаматтардың,  ұйымдар мен  бұқаралық ақпарат құралдардың  арасындағы  дау-дамайларды   сотқа дейін шешуге көмек көрсетеді.   Осындай кеңесті Инновациялық Еуразиялық университетінде де  ашу жоспарланған.