Болашақтың ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толды

Фото: zhumeken.kz

Бүгін ақын, прозашы, редактор әрі күйші Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толды. Осыдан 70 жылға жуық уақыт бұрын «Менің Қазақстаным» деп жырлаған ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы замандастарынан сұрап білдік.

Мейірхан Ақдәулетұлы: Жұмекен — болашақтың ақыны

— Ол кісі «Мектеп» баспасында редактор болды. Сол жерден ешқайда қозғалған жоқ.

Ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлының әп дегенде ойға алған естелігі бұл. Жұмекен Нәжімеденов шын мәнінде «мен» деп төске ұрып, «өзім» деп өзеуреген емес.

Томаға тұйық болды, көп те сөйлемейтін. Санаулы ғана қаламдасымен араласты, сырласты.

Фото: zhumeken.kz

— Біріншіден, ақын. Мен алғаш рет өлеңдерін оқыған кезде қатты таңқалдым. Мүлде басқаша жазады. Сол кезде-ақ жақсы ақын, жақсы жазушы екенін жұрттың бәрі білді. Керемет кітаптары да шықты. Тағы бір айта кетерлігі, кезінде сол кісіге қандай да бір болмасын қарсылық көрсетті. Анық не екенін білмеймін. Екіншіден, поэзиядан прозаға ауысты. «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары шықты. Әр кітабы жақсы. Бір қызығы не сынның шаруасы жоқ, не аталып жатпады. Өз басым сол кезде «тірі жүрген ақынның ішінде екеуі ғана ақын» деп айтатынмын. Бірі — Жұмекен Нәжімеденов, екіншісі — Жұматай Жақыпбаев, — дейді Мейірхан Ақдәулетұлы.

«Пионер» журналы ақынның өлеңдерін сұрап алып, басып шығарды. Онда да журналдың жас редакторлары үйіне барып, өздері алып кететін.

— Жұмекеннің поэзиясы, прозасы туралы дәл жеткізіп айтқан, жазған ешкім жоқ. Беріде ғой көріне бастағаны. Ол баяғыда көрінуі керек еді. Өзінің өмірі де қызық. Қарағандыда шахтада жұмыс істеген. Кейін Алматыға келген. «Мектеп» баспасында тарих және география бөлімінде еңбек етті. Өте сауатты адам. Сондай-ақ күйшінің күйшісі болды. Бірақ көңілі қаламаса қолына домбыра ұстамайды. Бір күні аяқ астынан үйіне бардық. Бөлмеден шығып, амандасты. Домбырасын шетке қойғанда «аға, домбыраны әрі емес, бері қойсаңызшы» деп күлдім. Сол кезде бір күй тартып берді. Сол күй құлағымда қалды, — деді ол.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақынды тану жолы әлі де жалғаса бермек. Тек мерейтой, айтулы дата күндері емес, мектеп оқулығына таңдаулы шығармалары енуі тиіс. Оны да таңдау керек.

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы поэзиясымен қатар прозасын да балалар мектеп жасынан оқып, біліп өссе дейді. 

— Жұмекен халыққа қайта оралады. Халықтың түсінігі бұдан да терең болған кезде қайтадан ежіктейміз бе деп ойлаймын. Жұмекеннің сөздерінің бәрі — қазақтың сөзі. Және қазақтың қандай сөзі ол?! Жұмекен ол — болашақтың ақыны. Иә, оны бірден түсіну ауыр. Себебі Жұмекен туралы қайтадан қарау керек. Сол қалам ұстағандардың ішіндегі ең адалы Жұмекен шығар деп ойлаймын. Өлеңдерінің өзінің әуені бар. Нағыздардың бірі. Кез келгенін оқысаң, қазір жазылған сияқты, — дейді Мейірхан Ақдәулетұлы.

Ақынның өмір жолы

Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылында өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң бір жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, Атыраудан Қарағандыға қоныс аударды.

Сол жақта бір жыл жұмыс істеп, кейін Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптары бөлімінде оқыды. Әрі қарай баспада, газетте жұмыс істеді. Ал 1971-1973 жылдары аралығында Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсын тәмамдады.

Елге оралған соң Қазақ мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетте редактор болып еңбек етті. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін «Мектеп» баспасында жұмыс істеді. Ол тарих және география бөлімінің меңгерушісі болды. 

Фото: zhumeken.kz

Өлеңдері алғаш рет «Лениншіл жас» газетіне жарияланды. Ал ең алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарыққа шықты. 1967 жылы шыққан «Күй кітабы» 2006 жылы аудио-кітап түрінде қайта басылды. Өлеңдері орысшаға аударылып, бірнеше кітап болды.

Ал өзі түрік, орыс ақындарының өлеңдерін, дастандарды аударды. Оның «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы еліміздің Әнұранына айналды. Ол сол шақтан-ақ елдің рухын көтерген өлең еді.

Өлең 1956 жылы жарыққа шыққан. Ел арасында кең тараған видеода Шәмші Қалдаяқов былай дейді: 

— Біздің терістікте тың көтеріліп жатқан болатын. Сол кезде «Қазақстан — менің Қазақстаным» деген ұран әніміз еді. Бұл ұран әніміздің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов деген жас қазақтың талантты ақыны еді. Жұмекен екеуіміз бірге оқыдық. Ол домбырашы жігіт еді. Консерваторияда оқыған. Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой, «Менің Қазақстаным» деген сөз жаз, мен әнін жазамын дедім. Жамал апаға үйреттік. Жамал апа қағып алып, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге «күніне бір-екі рет беріп қойыңдар» деп айтып қойдық. Сонымен бір-екі рет беріп қоятын болды.

Фото: zhumeken.kz

Туған жері ақынды ұлықтады

Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай биыл Атырау облысында «Ұрпағым саған айтам…» атты республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Жыр жұлдызы — Жұмекен» атты әдеби сазды кеш, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жұмекен жырлары — ғасыр үні» атты ғылыми практикалық конференция өтті. 

«Жыр — Жұмекен» поэзия фестивалі, «Ұлт өлеңінің үштағаны» атты жыр кеші ұйымдастырылды. «Менің Қазақстаным» атты республикалық ақындар айтысы өтті. 

— Атырау облысында Жұмекен Нәжімеденов атында 3 ескерткіш бар. Олар Атырау қаласында, Атырау қаласындағы Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектепте және Құрманғазы ауылы Жұмекен ауылындағы орталық саябақта орналасқан. Атырау облысы Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінде Жұмекен ауылы бар. Оған қоса Атырау қаласында № 2 Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектеп, Құрманғазы ауданындағы Ғ.Алипов ауылында Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектеп бар. Сонымен қатар облыс бойынша 8 көше, 1 саябаққа аты берілген. Саябақ Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округі Жұмекен ауылында орналасқан, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фото: 2gis

Айта кетейік, биыл Атырауда ақиық ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай бірқатар мәдени іс-шара өтті.