Ел келешегінің кестелі, ұлт болашағының бедерлі болуын жастармен байланыстыратын жас Қазақстанның салиқалы саясатының осы сынды парасатты пайыммен сарындас жатқандығы сондықтан. Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін ұстап, туын тіктейтін жас ұрпақ тәрбиелеу мақсатында, яки бір кездері салқын саясат кермесінде күнгейі кетіп, көлеңкесі ғана қалып, көмескіленіп кеткен ұлтжанды, ұшқыр ойлы зиялы қауым қаймағын қайта қалыптастыру жолында еңселі еліміз білім қуған талабы тегеурінді жастарға жан-жақты жағдай жасап, кең құлашты қолдау көрсетуде.
Адуынды мемлекет болудың алғышарты - адам ресурсының саны мен сапасында. Ал демографиялық мәселесі өзекті күйде қалып отырған ұлан-ғайыр еліміздің ұлылығын ұлықтайтын көрсеткіш бірінші кезекте адам ресурсының сапасы болмақ. Сондықтан да Қазақ елі «Болашақ» бағдарламасын сапалы білімнің бойтұмарына балап, бәсекеге қабілетті жасампаз жастардың жаңа келбетін жасаудың жолы ретінде шет елде оқыту тәжірибесін жүргізіп келеді. Заманауи талаптарға сай болып, әлемдік даму көшінен кейіндеп қалмаудың бірден-бір жолы - білім берудің озық үлгісі негізінде интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Халқының басым көпшілігі білімді болатын мемлекет даму жолында жасампаз, әлеуметтік-экономикалық тоқырауға төзімпаз келеді.
Осы орайда Елбасымыздың көреген саясаты негізінде кең көлемді ауқым алып үлгерген «Болашақ» халықаралық бағдарламасының мемлекеттік мәні зор. Бағдарлама сапалы білімге, ұлтаралық қарым-қатынастың нығаюына, мәдени кеңістіктің кеңеюіне жол ашатын болғандықтан, «Болашақ» - экономикалық, саяси, әлеуметтік-мәдени дамудың жаңа сатысына көтерілген Қазақстан үшін кемелденген кезеңге бастайтын келешектің келісті көпірі. Жас ұрпақ шет ел әлемін ұлттық әлеммен салыстырып, жасығынан асылын бөліп алатын жаңаша көзқараспен айшықталған дүниетаным қалыптастырып, көрген-білгенін, оқып-түйгенін ел мүддесіне сай тәжірибемен ұштастырып, белгілі бір саланы дамытудың тиімді жолын табатын іскерлік қасиет пен біліктілікке қол жеткізіп келеді деген абыройлы сеніммен жыл сайын сан алуан мемлекеттерге жөнелтілуде. «Болашақтың» әлемдік кеңістікте Қазақ елінің мәртебесін марқайтқан, беделін биіктеткен бағдарлама екендігі ақиқат. Бірегей бағдарламаның арқасында өзге мемлекеттер Қазақстанды гумманистік бастаманың биігінде тұрған тәуелсіз ел тұрғысынан танып, жүрегі жалынды, ақылы алымды, талапты да дарынды жастарына жағдай жасап жатқан жасампаз жас мемлекет ретінде жоғары бағалайды.
Десек те «Болашақ» бағдарламасы ел мүддесіне сай жемісті нәтиже беріп жатыр ма? Әрине халықаралық білім беру бағдарламасының жалпы идеясы құба-құп екендігіне шүбә келтіруге мүлдем болмас, бірақ сол жарқын идеяны жүйелі түрде жүзеге асыру идеологиясы қалай жүргізіліп жатыр?
Өзекті өртер мәселенің бірі - өзге елге бауыр басып, өз елін өгейсініп, елге оралмай қалған қандастардың сенім жүктеген қазақ жұртының алдындағы жауапсыздығы. Әдетте оралмай қалатындардың басым көпшілігі бакалаврлар санатынан. Олай болуы да ғажап емес, себебі толыққанды қалыптаспаған сананың сиқыр билегендей сергелдеңге түсіп кету қаупі бар. Мектеп бітіре сала жаңа орта жағдайына түскен жас сана тым әсершіл, әуес әрі еліктегіш келеді. Тұлға ретінде толысып, азамат ретінде айқындалып үлгермеген жас буынның Батыс мәдениетінің әсеріне тез бой алдыратындығы да сондықтан болар. Шет елге шыққан баланың бойында жаңа мәдени ортаға бейімделу мен бой алдыру күресі қатар жүретіндіктен, қайсысының басым түсетіндігі беймәлім. Осы тұрғыда тәрбие мен ұлттық сана сезімнің күштілігі сыналады. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін арттыру аясында бакалаврлар санын қысқартып, басым мамандықтар бойынша магистрлерді даярлау мәселесіне айрықша назар аударылып жатқандығының бір себебі де бакалавр дәрежесі бойынша оқитын жастардың психологиялық тұрақсыздығымен тамырлас жатыр. Елге оралмаған әрбір жас маман инвестиция салынған, бірақ игерілмеген ұлттық ресурс болғандықтан мемлекет қыруар шығынға қалып отыр.
Екінші мәселе, «Болашақ» бағдарламасының түлектері арасында белең алып бара жатқан жұмыссыздыққа келіп тіреледі. Бұның басты себебі - басым мамандықтар бойынша білікті кадрларды белгілі бір саланың қозғаушы күші ретінде даярлау жан-жақты жүргізіліп жатқанымен, салмақты инвестиция салынған сол ресурстарды ұтымды түрде игеретін, нақты іске жұмылдыратын салалық инфрақұрылымдардың жоқтығы. Түлектер елге оралғанымен жиған-терген тәжирибесі мен білімін өндірісте өрістете алмайды. Бұл мәселеле, әсіресе, туризм және қонақжайлылық ісі мамандарына тікелей қатысты. Мемлекетіміз жастарды шет елге дамымаған саланы дамыту үшін жіберетіндігі түсінікті, бірақ инфрақұрылымы жоқ саланы тік тұрғызу да мүмкін емес қой. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері тарапынан жұмыстың жоқтығы жөнінде түсірілген шағымдар ретсіз деп қабылданып, шет елде білім алып келген мамандардың жұмыссыздығы «олардың тек жоғары жалақы талап ететіндігімен байланысты» деген пікір таралған. Жұмыспен қамту мәселесін жастарды ауылға жіберумен шешуге болатындығы да «Дипломмен ауылға» ұраны аясында айтылып жүр. Жас мамандарға тағы да ауылда қызмет істеуге мүдделі емес деген кінә тағылады. Сонда «Болашақ» бағдарламасының түлектері ел болашағы менің қолымда деп ат арбамен ауылда турист тасуы қажет пе? Ауылға туристік индустрия түтінінің исі әлі жеткен емес. Мамандардың барлығы дерлік Астана мен Алматы кеңістігінде шоғырланып қалған. Отандық университеттерде білім алған туризм мамандарын былай қойғанда, шет елде оқып келген кадрлардың өздері өз саласында қызмет істемей, реті келген түрлі жұмыстарды атқарып жүр. Мемлекет тиісті жағдайлар жасады, халықаралық бағдарламалар орталығы да мамандарды жұмысқа орналастыру жағынан қолдау көрсетуді жаңа қарқынмен жолға қойып жатыр, дегенмен жүйелі реттеу болмағандықтан бүгінгі күні «болашақтықтардың» меңгерген мамандығы бойынша жұмыс табуы қиын болып тұр.
Кеңес дәуірінің де келісті жақтары бар-ау, осындай мамандарды жұмысқа орналастыру ісі жүйелі түрде реттеліп, кеңес кезіндегідей іріктелген мамандар тобы әрбір аймаққа міндетті түрде бекітілсе, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, нақты жұмыс орындары мен біліктілігіне сай лауазымдар ұсынылса, озық ойлы мамандар қазірдің өзінде-ақ қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жобаларға тартылса туристік әлеуеті жоғары республика өңірлерінің дамуында жаңа серпін пайда болып, мамандар да өз қабілеттері мен идеяларын жүзеге асырудың шынайы мүмкіндігін иеленер еді. Мамандардың бірқатары Кендірліні, бір бөлігі Ұлытауды, енді бір легі Бурабайды көтеруге міндетті болып, топ-тобымен тиісті аймақтарға мемлекеттік тапсырмамен жіберілсе, жан-жақта жүрген мамандарды жинақтап, осы іске жүйелі түрде жұмылдыру жолдары қадағаланып, реттелсе, жастардың ауқымды бөлігі Астана мен Алматыда шоғырланбай, еліміздің өзге өңірлерін өркендетуге үлестерін қосар еді. Мемлекеттің тапсырысына сай белгілі бір мамандықтар бойынша шет елде білім алып, басқа салаларды бағындыруға мәжбүр болған білікті мамандардың экономикалық тиімділігі құмға сіңген сумен тең. Тағы да мемлекет қаржысының ағын сумен аққандығының айғағы.
Бастапқы кезде мемлекеттің қолдауымен чех тілінде білім алған тұлғалар да отанға оралғаннан соң тілдік тұрғыдан көп қиындық көретіндерін алға тартады. Жұмыс берушілер ағылшын тілді мамандарды алуға мүдделі болып, чех тілінде оқыған кадрлар бәсекеге қабілетсіз деп танылады. Бұл мәселе де мемлекет мүддесіне қайшы келіп, білікті мамандардың мүмкіндіктерін шектеп, білімге деген мемлекеттік инвестицияның тиімді игерілмегенін білдіреді.
Енді бір мәселе - ел мүддесін қорғауды көздеген «Болашақ» студенттері тарапынан сұрақ тудырған барып-келу билеттеріне қатысты жайтқа байланысты болмақ. Бүгінгі күні студенттердің ұшып бару билеттері оқу жылынының басында бір бөлек, ал қайту билеттері жыл соңында бір бөлек сатып алынады. Орта есеппен бір жақты билеттің құны 184 000 теңгені құрайды, қайту билеті де сол санмен шамалас, яғни әр студенттің бару және қайту билетінің құны шамамен 368 000 теңгені құрайды деген сөз. Ал егер де халықаралық бағдарламалар орталығы екі жақты ұшу билетін «ашық мерзім» (билет с открытой датой) негізінде сатып алса, мұндай билеттердің құны әлдеқайда арзан болғандықтан бөлінген қаржыны тиімді түрде игерер еді.
Мемлекет қолдаған игі бастаманы байыпты да байсалды түрде бір нәтижеге жеткізіп, берекелі түрде бітіре білу барлығымызға азаматтық сын, сондықтан да «Болашақ» ұлтжанды ұрпақтың заманауи ойлары мен бастамаларының ұйтқысы болатын бағдарлама бейнесін жоғалтпағандығы абзал.