***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінде өңірлердегі су тасқыны жағдайы мәселелері бойынша кеше өткізілген брифингте аталған саланың хабар беру және халықты оқыту бөлімінің бастығы Руслан Иманқұлов журналистерді тың мәліметтермен хабардар етті. Ол еліміздің су тасқыны қауіпті өңірлерінде алдын алу шаралары және авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда, деді. Мәселен, Ақмола облысында су айдындарындағы су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде екен. Целиноград ауданының Қосшы ауылында Нұра өзенінің жағасымен бөгенді нығайту жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта 3 100-ден астам құм салынған қап төселіпті. Қосымша 1 100 тонна инертті материал жеткізілген. Демек, еш қауіп жоқ деген сөз. Өйткені, Тайтөбе, Қызыл Жар, Талапкер, Қаражар ауылдарында су сору жұмыстары жалғасуда. Ағанас ауылына азық-түлік жеткізу ұйымдастырылды, себебі онда 21 тұрғын үйді су басқан. Бұл жақта жолдарды қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. Мәселен, қазіргі уақытта Р. Қошқарбаев ауылына баратын автожолдың 500 шақырым жол төсемі қалпына келтірілген. Ақмол ауылындағы тұрғын үйлерді қорғайтын бөгет үю жұмыстары аяқталған. Жаңажол және Отаутүскен ауылдарынан алдын ала 91 тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Ал Астрахан ауданының Старый Колутон ауылының тұрғындары ықтимал су басу қатері туралы құлақтандырылып, онда ТЖ комитетінің құтқару бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы кезекшілікте жүр. Бұл жайында «Су тасқыны салдарын жою жалғасуда» атты мақалада толық берілген.
Бас басылымда «23 мемлекет өкілдері қатысқан тоғызқұмалақ ойыны» деген мақала жарияланды. АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзербайжан, Гана, Германия, Грузия, Италия, Колумбия, Молдова, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария секілді мемлекеттердің тоғызқұмалақшылары бас қосқан Алматы қаласындағы дода аса тартысты өтті. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид және блиц мәнерінде өткізілді. Аталмыш әлемдік жарыс аясында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының жиыны болып, онда федерация басшылығы мен мүшелері сайланды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы болып Әлихан Байменов қайта сайланды. Төраға орынбасарлығына швейцариялық Джон Ретчитский, Қытайдан келген Жарқын Сейіт, қырғызстандық Қамчыбек Қасымов және қазақстандық Дінмұхаммед Ыдырысов сайланды. Федерацияның бас хатшысы болып Мақсат Шотаев, атқарушы директорлыққа Ырысбай Әбдіжаппаров сайланды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, оқудан шығып қалған 30 «болашақтықтан» мемлекет солардың білім алуына жұмсаған ондаған миллион шығынын сот арқылы өндіріп алуда. Бұл туралы кеше Астанада өткен «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен «Дарын» және «Жас тұлпар» мемлекеттік сыйлықтары иегерлерінің «Білімді жастар - Мәңгілік елдің болашағы» атты форумында мәлім болды.
Форумға мемлекет есебінен білім алушы 400-ден астам стипендиат шақырылған екен. Дарынды жастар құрылтайы аясында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев «Болашақ» президенттік стипендиясы иегерлерінің қатарын жақында толықтырған өрендерге салтанатты түрде сертификаттарды табыс етті.
Ал «Болашаққа» жауапты «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Ғани Нығыметов оқу үлгерімі нашар, бағалары төмен болған немесе өз бетімен оқуды тастап кеткен «болашақтықтарға» солардың оқуына мемлекет жұмсаған барлық қаражатты қайтаруға тура келетіндігін ескертті.
«Әртүрлі объективті себептермен президенттік стипендиядан айырылған стипендиаттар бар, - деді ол журналистерге. - Қазіргі уақытта олар өздеріне шығындалған барлық ақшаны қайтаруда. Біз оларды алдымен сол қаржыны өз еріктерімен қайтаруға көндіруге тырысамыз, болмаса, сотқа жүгінеміз. Бұрын оқуға және шетелдік үздік ғылым ордасының дипломын иеленуге мүмкіндік алған, бірақ оны іске асырмаған 30 адам бойынша сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Қазір ол шығындар өндірілуде». Ғ.Нығыметовтің мәліметінше, бұл стипендиаттар мемлекетке жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаржыны қайтаруға міндетті. Бұл мақала «Болашақтың жұмыссыз түлегі жоқ» деген тақырыппен берілген.
Осы газетте «Мәре жақын, белсенділік бірдей» атты мақала жарияланды. Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау науқаны өзінің қорытынды кезеңіне шықты: ақырғы аптасы да жетті. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясында да жұмыс қызып, қауырт күйге көшкен.
Бұл ретте президенттік доданы адал әрі әділ өткізу мақсатында ОСК еліміздегі барлық ақпарат құралдарының барлық кандидаттарға тең мүмкіндіктер ұсынуына тынымсыз бақылау жасауда. Мұның сыртында Ортсайлауком сайлау заңнамасы талаптарын бұзбауы үшін БАҚ-қа мониторинг жүргізуде. ОСК кезекті рет осы жұмыстың аралық қорытындыларын жария етті. Сайлау науқаны барысын және Қазақстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгітін жария ету бойынша БАҚ-та 26 наурыздан бері жарияланған материалдарға жүргізілген мониторинг бұл науқанға журналистік қызығушылықтың азаймағандығын көрсетіп отыр.
Жалпы, Ортсайлауком 53 республикалық басылымды, 16 республикалық телеарнаны, 179 өңірлік баспасөз құралын, 29 өңірлік телеарнаны, сондай-ақ 7 ақпарат агенттігі мен 117 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты бақылаумен қамтуда екен.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында Алматы қаласындағы «Ардагерлер үйінің» директоры міндетін атқарушы Данипа Ысқақовамен арадағы сұхбат басылды. «Бізде тұратындардың біразы қарт кісілер. Енді көп нәрсе келіндерге байланысты ғой. Оны ашық айтуымыз керек. Баққысы келмейтіндер де бар. Ондайлар көп. Осы тұрғыда бір мысал айтайын. Бірде бір ерлі-зайыпты жастар келді. Ұлы өз әкесін осында орналастырмақ екен. Мен заң бойынша енді бұлай жасауға болмайтындығын айттым. «Егер ауру болып, еңбекке жарамсыз болсаңыздар бір сәрі, ал сіздер толыққанды жас отбасысыздар ғой. Өздеріңіз асырауларыңыз керек» дедім. Әйелі: «Ол соқыр болып қалды. Мен енді оны бағып-күте алмаймын» деп безек қағады. «Неге бағып-күте алмайсың? Бұл себеп емес. Қазақта «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар емес пе!?» деп едім, ұлының намысы оянды білем: «Жоқ, әкемді бұл жерге алып келмейміз, өзіміз бағамыз» деді. Бірақ әйелі: «Жоқ, біз өткізуіміз керек» деп алғашқыда бой бермеді. Енді қазіргі заманның келіндері ғой. Тіпті: «Не мені, не әкеңді таңда» дегенге дейін барды. Ұлының ақылы бар екен, әкесін мұнда әкелмейтін болып кетті»,-дейді Данипа Ысқақова. Осы сұхбат «Тасбауыр» деген тақырыппен берілген.