Болған ана күмбезі

Болған ана күмбезі - ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Күмбез Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында орналасқан.

Құлаған құрылыс үйінділерінің биіктігі 2,4 метр. Аумағы 20 х 17 метр. Қазба жұмыстары кесененің төбесі күмбезді болғанын анықтап берді. Кесененің батыс жағында 83 метр жерде диаметрі 36 метр оба бар. Болған ана күмбезіне ХVІІІ ғасырда орыс ғалымдары П.Рычков, профессор А.Шренк, 1946-1948 жылдар аралығында ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан зерттеу жүргізген. Күмбезді 1990 жылы ғалым Е.Бейтеновтің жетекшілігімен Алматы мемлекеттік сәулет және құрылыс институтының экспедициясы зерттеген. Кесененің қасбетіндегі аркалы, порталды кірер ауызының айналасы қуыстана қаланып, қабырғаның өрнегі ретінде жасалған. Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұсындағы бұрыштары аркалы-тромпты тәсілмен өрілген. Тромп қолтықшалары қосарланған кірпішті қиғаштап, бұрышын шығара қалау арқылы өрнектелген. Ескі сылақтың қалдығы П тәрізді порталдық арканың белдеуі мен жапсырылған әшекейлі қыш тақташаларының терракота түсті болғанын көрсетеді. Порталдың ширек бұрышты бағаналары мен басқа қабырғалары түгел ақ түсті. Көрнекі жерге салынған Болған ана күмбезі алғашқы нұсқасында өте әдемі болғанға ұқсайды. Ол осы өңірдегі кейінірек салынған Ақтыбай, Қауқабай, тағы басқа кесенелерінің сәулетіне де әсерін тигізген. Күмбездің атына байланысты әртүрлі болжамдар айтылады. Ел ауызындағы аңыздарда Болған ананы Алаша ханның келіні деп атайды. Ал бір деректерде ол жерде Жошы ханның Сырдария мен Талас өзендері арасын жайлаған қаңлы тайпасының билеушісіне ұзатылған қызы Болғанның жерленгені айтылады. Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том Қ.Ахметов, Ұлытау, «Менің Отаным ? Қазақстан» сериясы