Қаржыландыруға қандай бизнес қол жеткізе алады
Агенттік мәліметінше, банкпен іскерлік байланыс орнату кезеңінде қаржы ұйымдары клиентті міндетті түрде тексереді. Бұл рәсім кірістерді заңсыз жолмен алуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Банк тек компания иелерін анықтап қана қоймайды. Сонымен қатар бизнестің қандай қызметпен айналысатынын, қаржының қайдан түсетінін және банкпен қандай бағытта жұмыс істейтінін де тексереді.
Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары кәсіпорынның тіркеу және құрылтай құжаттарын, меншік құрылымын, қаржылық жағдайын, салық төлеу тәртібін, несие тарихын және шоттағы ақша айналымын қарайды. Сондай-ақ компанияның қарызы бар-жоғы да тексеріледі.
Клиенттің тәуекел деңгейі қалай анықталады
Алғашқы тексеруден кейін банк клиенттің тәуекел деңгейін анықтайды.
Агенттік мәліметінше, бұл кезде тәуекелге негізделген тәсіл қолданылады. Соған сәйкес әр компания тәуекел деңгейіне қарай жеке санатқа бөлінеді.
Тексеру мен бақылау көлемі де осыған байланысты жүргізіледі. Егер компания тәуекелі жоғары деп танылса, банк оның операцияларын мұқият бақылап, клиент туралы мәліметтерді жиірек жаңартады.
Сонымен қатар қаржы ұйымдары компанияның шоттағы нақты операцияларын оның ресми мәлімдеген қызметімен салыстырады. Егер күмән тудыратын сәйкессіздік байқалса, қосымша талдау жүргізіледі.
Банктер операцияларды қалай бақылайды
Клиентке қызмет көрсету кезеңінде банктер операцияларға үздіксіз мониторинг жүргізеді.
Осы кезде:
* күмәнді операциялар;
* экономикалық тұрғыдан негізсіз транзакциялар;
* алаяқтық белгілері;
* жалған кәсіпкерлікке тән әрекеттер анықталады.
Бұл үшін банктер автоматтандырылған бақылау жүйелерін, арнайы талдау модельдерін және антифрод құралдарын пайдаланады.
Банк бақылауы клиентпен жұмыс аяқталғанға дейін жалғасады
Агенттік мәліметінше, банктер қолданатын барлық тексеру және бақылау тетігі бірыңғай ішкі жүйеге біріктірілген. Бұл жүйе клиентпен жұмыс басталған сәттен бастап, қызмет көрсету толық аяқталғанға дейін жұмыс істейді.
Осы кезеңде банк операцияларды бақылап, ықтимал тәуекелдерді бағалап отырады. Сонымен қатар заң талаптарының сақталуы, күмәнді операциялардың болуы және банктің беделіне әсер етуі мүмкін жағдайлар да назарда болады.
Агенттік банктер мен компаниялар арасындағы кейбір жұмыс тәртібі әр банктің ішкі ережесіне байланысты екенін де атап өтті. Мысалы, қаражат аудару тәртібі немесе рәсімделген бөліп төлеу мен несие бойынша хабарлама жіберу мәселесін банктер өздері шешеді.
Айта кетейік, бұған дейін банк шоты бұғатталған жағдайда қандай әрекет жасау қажет екені туралы хабарланған еді.