Абырой болғанда хабарлама жалған болып шықты. Жедел тәртіпте сауда орталығынан 4 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы (Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабар беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, келесі күні жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде Сазды полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Анықталғандай, күдікті азамат сол күні өзімен бірге тұратын 26 жастағы азаматшамен алкогольдік сусындарды ішіп отырған. Шамамен сағат 16:00-де ол әйелдің ұялы телефонын сұрап алып, полицияға телефон шалған да егде жастағы адамның дауысын салып бомба туралы хабарлады.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың жазасын сот анықтайды, деп атап өтті полицияда.