Бөрлі ауданында қайырымдылық айлығы кезінде 7,5 млн. астам теңгенің көмегі көрсетілді

ОРАЛ. 2 қараша. ҚазАқпарат - Облыста 1-31 қазан аралығында өткізілген қайырымдылық айлығы кезінде Бөрлі ауданында 7,5 млн. астам теңгенің көмегі көрсетілді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, жыл сайын қайырымдылық шарасына қатысушылар саны артып келеді. Биыл тек мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктер ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де белсене атсалысты. Қайырымдылық айлығы аудан басшылығының демеушілердің көмегімен соғыс және еңбек ардагерлерімен «Имеретти» мейрамханасындағы кездесуімен басталса, кейін мұндай шаралар кәсіпкерлердің қолдауымен аудандық мекемелер, ауылдық округтерде жалғасты. Бөрлі ауылындағы қарттар мен мүгедектер үйінде аудан әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев болып, сыйлықтар табыс етті.

Айлық барысында жалғызілікті адамдарға, мүгедектерге, тұрмысы нашар отбасыларға түрлі жәрдем берілді. Мәселен, Ақсай қаласы мен ауыл мектептері қариялар мен мүгедектерге ауласын жинауға көмектессе, бірқатар компания, ұйымдар азық-түлік, ақшалай сыйлық түрінде қолұшын созды. «Ақсайгазсервис» компаниясы екі мүгедекке қоларбасы мен велотренажер алып берсе, аудан әкімдігі тарапынан да 10 мүгедекке осындай жүру құралы табыс етілді. Әлеуметтік кірісі аз отбасылар балалары да, спорттық шаралар да ұмыт қалған жоқ.