Бөрлі ауданындағы мектептер жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілді

ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы тоғыз ауыл мектебі «Газель» шағын автобустарымен қамтамасыз етілді.

Бұлардың бәрі де бюджет қаржысына алынып берілді. Аудан әкімі Болат Шәкімовтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде 17 білім ошағының өз көлігі бар. Енді олар өз шәкірттерін аудандық, облыстық жарыстарға, түрлі мәдени шараларға еш қиналыссыз жеткізетін болады. Сонымен қатар 15 мектептің жылыту қазандығына қазынаның қаржысы есебінен дизельді электр стансалары сатып алынып, орнатылды.

Бұған дейін биылғы оқу жылы қарсаңында «ҚПО б.в.» компаниясы кеніштің айналасында орналасқан ауылдық мектептерге 6 автобусты сыйға тартса, жаңадан салынған №6 орта мектепке облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «ПАЗ» автобусын тарту еткен болатын.