Өткен жылғы бірінші жартыжылдықта бұл аудан күллі еліміздегі 160 ауданның ішінен бесінші орын алды. Осының өзі-ақ ауданның экономикасының қарқынды дамуда екендігін айғақтайды. Өндіріс ошақтарында (жеке шаруашылық секторын қоса алғанда) 2010 жылы 880,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген. Бұл 2009 жылғы көрсеткішке қарағанда 1,7 пайызға артық. Қуаңшылық жағдайына қарамастан ілгерілеушілік ауыл шаруашылығында да да бар: жалпы өнім көлемі 3,5 млрд. теңгені құраған, яғни алдыңғы жылғыдан үш пайызға жоғары.
Ауданда кәсіпкерлік мемлекеттің қолдауымен жақсы дамуда. Банктер 188 жобаны қаржыландырып, 31 ауыл тұрғынына жеке бизнес ашуға 19,5 млн. теңге шамасында несие берді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 52 шағын цех бойынша 143 адам жұмыспен қамтылған. Пугачевтік кәсіпкер Қ. Нығметов бөдене фермасын ашқан. Б. Ермұханова 25 орындық қоғамдық монша құрылысын аяқтауда, ал И. Шайдецкий шұжық өнімдерін шығаратын цехты наурызда іске қосады. Ақсайда тірі мал сататын, қасапханасы бар ауыл шаруашылығы базарының құрылысы біте келді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін шағын зауыт құрылысы мәселесі шешілуде.
2010 жылы «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен Ақсайда 900 орындық мектеп және бюджет есебінен екі балабақша салынған. Бөрлі ауылында спорт залы, асханасы бар екі қабатты қазақ мектебі салынып, пайдалануға берілді және осындағы интернат жөнделген. Аудандағы 17 мектепке «ПАЗ», «ГАЗель» автокөлігі сатып алынған және биылғы қаңтардан бастап барлық мектептің оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Айта кетерлігі, бұл аудан ҰБТ қорытындылары бойынша үшінші жыл қатарынан көшбастаушы, орташа балл - 94,92, тіпті облыстық көрсеткіштен 8,35 балға жоғары. Денсаулық саласында кадр тапшылығы аталмыш ауданды да айналып өтпеген. Өткен жыл төрт медқызметкер жаңа пәтер алған. Ауданға дәрігерлерді тарту жұмыстары қолға алынып, округтерде дәрігерлерге арналған үйлер салынуда.
Ақсайда мұз айдыны кешенін салу жоспарланып, оның құжаттарын жасақтауға қаржы бөлінген. Бұрын «Бөрлігазстрой» АҚ-ның меншігінде болған қазіргі аудандық стадионды жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар «Интергазстрой» АҚ-ның меншігінде болған Ақсай өнер мектебі аудан құзырына қайтарылған.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов өз сөзінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталды және облыс көлемінде өткен жылы атқарылған іс-шараларға шолу жасай келе бөрліліктерге биылғы жылы да жемісті еңбек тіледі.