ОРАЛ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - 8 сәуір күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» Қызылордада жергілікті «Қайсармен» кездесті.
Биылғы біріншілікте әлі бірде-бір ұпайға қол жеткізе алмаған «Қайсар» бұл ойында барын салып-ақ ойнады. Көп ұзамай 16-минутта Александр Сытник есеп ашып, алаң иелерінің арманы орындалатындай болған. Бірақ екінші таймда өткен маусымда «Қайсардың» намысын қорғаған, Словения елінің құрамасында ойнап үлгерген Борут Семлердің қос добы матчтың тағдырын шешті. Әуелі «Ақжайықтың» капитаны Қанат Әлиевтің пасын шебер пайдаланған Б.Семлер 70 минутта есепті теңестірді. Ал 85-минутта қақпашымен жекедара шыққан ол айласын асырып кетті.
Сөйтіп осы турдан кейін 10 ұпай жинаған «Ақжайық» төртінші орында келеді. Алдағы жексенбіде оралдықтарды аса қиын сын күтіп тұр. Бұл жолы «Ақжайық» елдің мықты командаларының бірі «Ақтөбені» өз алаңында қабылдайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).