Бір аптада өзбекстандықтар 2,9 млн доллардың газы мен электр қуатын заңсыз пайдаланған

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өткен аптада Өзбекстанда газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланудың 92 фактісі анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: «Өзэнергоинспекция» мемлекеттік мекемесі

«Өзэнергоинспекцияның» ақпаратына сәйкес, қамтылып отырған аралықта 1,8 млн текше метр көгілдір отын заңсыз пайдаланылып, салдарынан 5,45 млрд сум (шамамен $420 мың) залал келді.

Сонымен қатар электр энергиясы жүйесіне заңсыз қосылған тұрғындар мемлекетке 32,45 млрд сум (шамамен $2,5 млн) шығын келтірді.

Анықталған фактілер негізінде 126 әкімшілік хаттама толтырылды. Толық мән-жайды анықтау үшін іске қатысты барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды.

Еске салайық, былтыр газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн шығын келтірген еді.

Ал биыл қаңтар-ақпан аралығында өзбекстандықтар 25 млн доллардың газын заңсыз пайдаланған.

Сондай-ақ, биыл Өзбекстанда электр жүйесіне заңсыз қосылған майнинг ферма $138 мың шығын келтірді.

Қоса кетсек, Өзбекстан газ өндірісін ұлғайту мақсатында биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.