Бірыңғай терезе – сыртқы сауданы цифрландырудағы жаңа кезең

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасында экспорт және импорт операцияларын жеңілдетуге бағытталған Бірыңғай терезе жүйесі мемлекеттік басқаруды цифрландыру саласындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Бұл бастама «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында іске асырылып, сыртқы экономикалық қызметті реттеудің заманауи әрі ашық моделін қалыптастырды.

Фото: bes.media

Бірыңғай терезе жүйесі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті мен БҰҰның Сауда және даму жөніндегі конференциясы арасындағы халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде енгізілді. Жүйе сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға лицензиялар, рұқсаттар, сертификаттар, алдын ала кедендік шешімдер және өзге де міндетті құжаттарды бір электрондық платформа арқылы рәсімдеуге мүмкіндік берді. Бұл қағаз түріндегі рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды едәуір оңайлатты.

Жобаны іске асыруға он екі министрлік пен ведомство тартылып, институционалдық үйлестіруді Үкімет жанындағы арнайы комиссия жүзеге асырды. 2019 жылдан бастап жүйенің негізгі модульдері кезең-кезеңімен енгізіліп, электрондық декларациялау және бақылау процестері толықтай цифрлық форматқа көшірілді.

Ернұр Сыздықов – осы реформаның мазмұндық және әдіснамалық іске асуына тікелей қатысқан жетекші сарапшылардың бірі. Ол халықаралық жобалар аясында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, Қазақстанда Бірыңғай терезе және ASTANA 1 кедендік ақпараттық жүйелерін енгізуге үлес қосты. Оның кәсіби ерекшелігі биотехнология саласындағы академиялық білімі мен халықаралық кедендік реттеу тәжірибесін ұштастыра отырып, биологиялық және химиялық тұрғыдан реттелетін тауарларды бақылау жүйесін цифрлық ортаға бейімдеуі болды.

Сарапшының қатысуымен ғылыми және техникалық жіктеулер кедендік ақпараттық жүйеге енгізіліп, мемлекеттік органдар мен кеден қызметкерлері үшін бірыңғай цифрлық алгоритмдер мен әдістемелік анықтамалықтар әзірленді. Бұл шешім кедендік бақылаудың дәлдігін арттырып тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді.

Ернұр Сыздықовтың айтуынша Бірыңғай терезенің маңызы тек рәсімдерді жеделдетумен шектелмейді.

– Бұл жүйе ғылым мен мемлекеттік басқарудың нақты тоғысқан жері болды. Қауіпсіздік экология және халықаралық талаптар цифрлық шешімдер арқылы бір жүйеге біріктірілді, - дейді Ернұр Сыздықов.

Мемлекеттік және талдамалық материалдарда көрсетілгендей, Бірыңғай терезенің іске қосылуы мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесіндегі адам факторын азайтып, ашықтықты арттырды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетті. Ал бизнес үшін экспорт-импорт рәсімдерін айтарлықтай жылдамдатып, уақыт пен қаржылық шығындарды қысқартты. Қағаз, құжат айналымының азаюы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырды.

Сонымен қатар жүйе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы халықаралық міндеттемелерін орындауын күшейтіп, мемлекеттік органдарға рұқсат құжаттарының қолданылуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.

– Қазақстан осы реформа арқылы цифрлық кеден инфрақұрылымы дамыған халықаралық сауда үшін болжамды және сенімді серіктес ретінде танылды. Бұл тек технологиялық емес, институционалдық жетістік, – деп қорытындылады Ернұр Сыздықов.

Сарапшылардың пікірінше, Бірыңғай терезе Қазақстандағы цифрлық мемлекеттік басқарудың табысты үлгілерінің бірі болып қалыптасты. Ал салааралық білімі бар мамандардың қатысуы бұл реформаның халықаралық стандарттарға сай әрі практикалық тұрғыдан тиімді іске асуына шешуші ықпал етті.