Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Газада атысты тоқтату туралы қарар қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі алғаш рет Газа секторында атысты тоқтатуды және кепілге алынған адамдарды дереу босатуды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 14 мемлекет қолдады, АҚШ қалыс қалды. 

Фото: ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс күштері)

BBC News-тің хабарлауынша, 25 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторында «тез арада атысты тоқтатуға» шақыратын қарар қабылдаған. 

Сондай-ақ құжат барлық кепілге алынған адамдарды дереу босатуды талап етеді. Бұл - 2023 жылдың қазан айында ХАМАС Израиль аумағына шабуыл жасағаннан кейін Израиль мен ХАМАС арасында соғыс басталғаннан бері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған мұндай алғашқы шақыру. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің Газада атысты тоқтатуға шақыратын қарарларына тосқауыл қойған АҚШ бұл жолы дауыс беруден қалыс қалды, деп жазды The Guardian.

Қабылданған резолюцияны кеңестің тұрақты емес 10 мүшесі жазып, Мозамбик өкілі ұсынған. Қауіпсіздік кеңесінің 14 мүшесі құжатқа дауыс берді.